Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 411.66
EUR 465.92
RUB 5.81
CNY 58.79

Медицинаны дамыту үшін отандық өнім әзірлеу керек – университет ректоры

2020 жылдың 29 мамыр 2020 12:09

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында еліміздің білімі мен ғылымын дамытуға қатысты нақты тапсырмалар берді. Бұндай пікірді Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Жасұлан Шаймарданов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қасым-Жомарт Кемелұлының әсіресе ғылымға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтып, оқу орындарының ғылыми зерттеулермен шұғылдануына жағдай жасау керектігі жөнінде айтқан ойы бізді қанаттандырды. Осы ретте Президенттің ірі отандық кəсіпорындардың, компаниялардың технологиялық алаңдарын жоғары оқу орындарымен жəне зерттеу институттарымен байланыстыру мәселесіне қатысты айтқанымен толықтай келісемін», - деді ол.

Ректордың айтуынша, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті еліміздегі техникалық бағыттағы іргелі оқу орны ретінде бірнеше жылдан бері жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Кәсіпорындармен де, компаниялармен де, ғылыми зерттеу институттарымен де тығыз байланыс орнатылған.

«Бір ғана мысал келтірейін. Оқу орны Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты және Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институтымен бірлесіп медициналық имплантанттар шығаруды қолға ала бастады. Бұл үшжақты ауқымды жоба 2017 жылы басталған болатын. Жобаны жүзеге асыру үшін университет базасында елімізде алғаш рет травматология мен ортопедияға қажет медициналық имплантанттар өндірісі үшін тәжірибелі-өндірістік аймақ құрылды. Аумағы 300 шаршы метрді құрайтын бұл жерге мемлекеттің қолдауымен металлға арналған 3D принтер, металл өңдейтін станок, вакуммды пеш секілді 26 заманауи өндірістік және талдау құрылғылары сатып алынды. Жай ғана сатып алып қоюмен шектелген жоқпыз, университет ғалымдары осы құрылғылармен жұмыс істеп, отандық медицинаға аса қажет алғашқы бұйымдарды жасап та шығарды. Атап айтсақ, біздің оқу орнының ғалымдары Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институтының тапсырысына сәйкес 8 түрлі медициналық имплантант әзірледі. Оны өзіміздегі металлға арналған 3D принтерден басып шығардық. Қарапайым тілмен түсіндірсек, біз әзірлеген медициналық имплантанттарды, яғни металлдан әзірленген әртүрлі көлемі шағын құрылғыларды дәрігерлер науқастардың қол, аяқ, иық сүйектерін жалғап, бітістіруге қолданатын болады», - деп атап өтті ректор.

Оның сөзінше, университет ғалымдары Нұр-Сұлтандағы зерттеу институтына ТМД елдері аумағындағы елдердің медицинасында кеңінен қолданылатын ВТ6 титан құймасын дайындап, алғашқы үлгісін ұсынды. Бұдан бөлек Ti-Nb-Ta деп аталатын отандық медицинада бұрын-соңды қолданылмаған медициналық имплантанттың жаңа түрі шығарылды. Бұл құйманың құрамында титан, тантал, ниобий сияқты металдар бар.

«Ғалымдардың пайымынша, ВТ6 титан құймасынан гөрі Ti-Nb-Ta құймасы адам ағзасына жағымды. Құйманың жаңа түрі клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өтті. Енді отандық медицинада қолданылуы мүмкін. Президент «Проблемалы мəселелердің бірі – зерттеулер үшін құрал-жабдықтардың жетіспеуі» деді. Бізде бұл тұрғыда мәселе жоқ. Ғылыммен айналысуға қажет құрал-жабдықтарымыз да, білікті ғалымдарымыз да бар. Мақсатымыз – медицинаға қажетті отандық өнімдер әзірлеу. Біздің университет бірлесе жұмыс істеп жатқан Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институты медициналық импланттардың көпшілігін шет елден алатынын білеміз. Осы дүниелерді неге өзімізде жасамасқа?! Сонда сапасы да жақсы, әсіресе бағасы да қолжетімді болып, қаншама отандастарымыздың дер кезінде ем алуына септігіміз тиер еді деп ойлаймын. Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысындағы сөздері жоғары оқу орындарына үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы орайда жоғарыда сөз еткен бағыттағы жұмыстарымызды одан әрі жандандырып, жетілдіріп, елордадағы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп инпланттанттардың күрделі түрлерін жасамақ ойымыз бар», - дейді Жасұлан Шаймарданов.


Жоғары қарай