Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Медицина қызметкерлеріне үстемеақы төленуі жағдайымызды жақсартты – шымкентік дәрігер

2020 жылдың 15 сәуір 2020 17:43

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Бүкіл әлемді алаңдатып отырған жұқпалы індеттің алдын алуда шымкенттік дәрігерлер қауымы да нағыз қаһармандықтың үлгісін танытуда. Қалалық жедел жәрдем қызметі стансасының дәрігері Саттархан Құрбанходжаев елдегі төтенше жағдай енгізілгеннен бері жұмыс барысы оңай болмай тұрғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Медицина саласында он жылға жуық еңбек өтілі бар балалар дәрігері қауіпті індет шыққалы жұмыстағы жауапкершілік екі есеге артты деп отыр. Оның сөзінше, сақтық шаралары күшейтілген, әрбір шақыртуға арнайы дайындалған киімдермен барады.

«Жұмыс бұрынғыдан қиындай түсті. Шақыртаулар саны азайғанымен, уайым да жоқ емес. Дегенмен сақтанатын маска, қолғап, антисептиктер жеткілікті. Киімдерімізді де жиі ауыстырып тұрамыз. Шақыртулардан кейін демалатын бөлмелеріміз де бар. Коронавирусқа күдікті ретінде шақыртуға барғандар дереу карантинге жатқызылады. Әзірге мен ондай шақыртуға бара қойған жоқпын. Соған қарамастан үйде өзімді оқшаулап жүрмін. Ата-анам мен келіншегімнен, басқа да бауырларымнан алыстау жүремін. Себебі, мен ауырмаған күннің өзінде вирус ауамен тарап кетуі мүмкін»,- дейді дәрігер.

Саттархан Құрбанходжаев осындай қиын жағдай кезінде дәрігерлердің еңбегі бағаланып, мемлекет тарапынан жағдайлар жасалып жатқанына ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде медицина қызметкерлеріне үстемақының берілуі тұрмыстық жағдайларын жақсарта түскен.

«Әр ай сайын, кезекшілік етуімізге қарай 180-200 мың теңгедей жалақы аламыз. Ал, қазір оған қосымша 425 мың теңге үстемеақы беріліп жатыр. Мәселен бізге наурыз айында 15 күнге 212 мың теңге төленді. Бұл қаражат материалдық жағдайымызды біршама көтеріп тастады. Мәселен өзім несиемді жауып тастадым. Азын-аулақ берешектерімді бердім. Біраз мәселемді шешіп, алаңсыз жұмыс істеудемін» ,- дейді жедел жәрдем қызметінің дәрігері.








Жоғары қарай