Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Медбикелердің қызметі әрдайым сұраныста – дәрігер

2022 жылдың 12 мамыр 2022 11:05

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жыл сайын 12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күні ретінде аталып өтіледі. Бұл халықаралық мереке мейірбике кәсібінің негізін қалаушы ұлыбританиялық Флоренс Найтингейлдің құрметіне белгіленген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Мадалиевтің пікірінше, мейірбикелердің қызметі әрдайым сұраныста, кез келген медицина ұйымында олардың орнын бірде-бір маман алмастыра алмайды.

«Мейірбикелердің мамандығы өте маңызды. Бұл заманауи жан-жақты білімді, мамандығы бойынша дағдыларды меңгеруді, төзімділік пен шыдамдылықты, өзгеге жанашырлықпен қарауды талап етеді. Мейірбикелерге жүктелген міндеттер оның мамандығын сан қырлы етеді. Медицина қызметкерлерінің осы санаты пациент және оның отбасына жақын. Мейіргер командалық жұмыста негізгі орынды алады және алуы тиіс»,- дейді дәрігер.

Сонымен қатар ол ұжымда мейіргер жігіттер де жұмыс істейтінін жеткізді.

«Бізде мейіргер жігіттер де бар. Олар өз жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сондай- ақ клиника басшылығы дәрігерлер мен орта медицина персоналының кәсіби тұрғыдан өсуі үшін барлық қажетті жағдайларды жасап отыр. Мамандар тұрақты түрде алыс және жақын шет елдерде өздерінің біліктілігін арттырып отырады. Мысалы, институттың 16 қызметкері, оның ішінде дәрігерлер де, орта медицина қызметкерлері де бар, 2021 жылдың желтоқсан айында әлемнің ең үздік клиникаларының ондығына кіретін «Шиба Тель-Хашомер» (Тель Авив, Израиль) медицина орталығында біліктілігін арттырды»,- деді Құрманғазы Мадалиев.

Спикер әріптестерін Халықаралық мейірбикелер күнімен құттықтады.

«Адамдардың белсенді еңбек етуіне, олардың өмірге қайта оралуына көмек беріп, оларға қуаныш пен үміт сыйлайтын мейіргерлердің еңбектеріне табыс тілеймін, кәсіби шеберлікке қол жеткізуді, зор денсаулық пен отбасыларыңа амандық тілеймін», - деді ол.


Жоғары қарай