Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Мәжілісте мүгедектігі бар жандардың зейнетке шығу жасын төмендету мәселесі көтерілді

2022 жылдың 26 қаңтар 2022 12:46

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жамбыл Ахметбеков мүгедектігі бар жандардың зейнетке шығу жасын төмендету мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жылдар бойы Қазақстан Халық партиясының депутаттары мүгедектігі бар адамдардың проблемалық мәселелерін көтеріп, оларды шешу бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Өткен жылдың сәуір айында біз мүгедектігі бар адамдар үшін зейнет жасын төмендету туралы мәселе көтердік. Мүгедектігі бар қазақстандықтардың еңбек етуге құқығы бар және олардың кейбіреулері зейнет жасына жеткеннен кейін жұмысын жалғастырғысы келеді. Дегенмен мұндай адамдар аз. Зейнетке шығу қарсаңындағы мүгедектігі бар адамдарға жұмыс істеу денсаулығына байланысты физикалық қиындық туғызады. Бұрынғы Үкімет мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасы төмендеген кезде тағайындалған ынтымақты зейнетақы мөлшері мүгедектік бойынша ай сайынғы жәрдемақыдан төмен болады деп жауап берді. Неліктен зейнетақы жүйесін мүгедектігі бар адамдар үшін ерекше жағдай жасауға өзгертпеске?», - деді Ж. Ахметбеков Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Оның пайымынша, мүгедектігі бар зейнеткерлер міндетті түрде зейнетақыны да, мүгедектігі бойынша жәрдемақыны да алуы тиіс.

«Біздің елде құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері ғана зейнетке ерте шығады. Мүгедектігі бар қазақстандықтарды зейнетақымен қамтамасыз етуде осындай тәсіл қолданылуға тиіс деп есептейміз. Біз азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қабылдануға тиіс шаралар мен шешімдер туралы айтқанда Үкімет әдеттегідей: «Бұл – бюджетке қосымша ауыртпалық әкеледі» деп жауап береді. Бұл тәсілге қарсы бірнеше объективті дәлел бар. Біріншіден, Қазақстанда жұмыс істейтін зейнет жасындағы мүгедектердің саны 3 мың адамнан аз. Жұмыс істейтін 50 мың мүгедектің орташа жасы 45 пен зейнет жасы аралығын құрады. Яғни олардың саны көп емес», - деді депутат.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып және ел Президентінің бастамаларын қолдау мақсатында Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары:

1. Мүгедектігі бар адамдар үшін зейнетақы жасын төмендетуді;

2. Мүгедек адамдар ұйымдарының міндетті түрде қатысуымен мүгедек адамдардың зейнетке шығу жасын төмендетудің және айқындаудың нақты өлшемдерін (мүгедектік тобын, денсаулық жағдайын, ауруын, еңбек сипатын және т.б. ескере отырып), сондай-ақ мүгедек адамдардың мүддесіне сай келетін зейнетақымен қамсыздандыру тетігін әзірлеуді;

3. Мүгедектер проблемасын, оның ішінде жұмыс істейтін мүгедектер жасының еңбекке қабілеттілігіне әсері туралы қажетті ғылыми зерттеу жоспарын даярлауды;

4. «Мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарға» мүгедек адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру, статистикалық деректерді жинау және мүгедектік мәселелерін ғылыми зерттеу, мүгедектік саласындағы жұмысы тиімділігінің индикаторларын әзірлеу бөлігінде пысықтау енгізуді;

5. Әзірленіп жатқан әлеуметтік Кодекске мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасын төмендету мәселесін енгізуді ұсынады.


Жоғары қарай