Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға түсіру бастамасы көппартиялы плюрализмге жол ашады – Нұртай Нұрғали

2021 жылдың 15 қаңтар 2021 12:54

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Tarlan.kz интернет ресурсының бас редакторы Нұртай Нұрғали ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Тоқаевтың президенттікке келуімен басталған саяси модернизация жалғасын таба бермек.

«Президент VII шақырылымдағы Мәжілістің ашылуында ірі саяси реформалар пакетін жариялады. Бұл президенттің үшінші, кезекті ауқымды саяси бастамалар пакеті. Тоқаевтың президенттікке келуімен басталған саяси модернизация жүзеге аса бермек. Ең әуелі Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға түсіру бастамасы көппартиялы плюрализмге жол ашады. Мен білім алған Түркияда бұл меже 10 пайыз», - деді Нұрғали Нұртай.

Сарапшы Президент ұсынған баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы барлық көзқарастағы азаматтардың пікіріне құлақ асу екенін айтты.

«Барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн» деді. Осы сөз ұнады. Бұл соңғы сайлауға келмей қалған 37 пайыз электораттың пікірін ескеру ғой деп ойлаймын. Осы және онлайн-петициялар институтын енгізу қоғамның барлық пікірін ескеру және «құлақ асатын мемлекет» концепциясының айқын көрінісі. Қоғамдық бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру азаматтық жауапкершілікті күшейтеді және мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға ықпал етеді», - деді маман.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы жариялаған реформалар адам құқықтарын қорғауға бағытталады.

«Мемлекет басшысының саяси реформалары жүйелі және дәйекті. Күздегі екінші жолдауында Президент ауыл әкімдерін сайлау туралы айтса, бүгін аудан әкімдерін сайлауға көшуді ұсынды. Ал, Мемлекет басшысының Жастардың даму индексін енгізу ұсынысы біз сияқты жастар үшін ең қолдайтын және қажетті бастама. Жастар арасындағы негізгі қажеттіліктер мен тенденцияларды анықтауға көмектесетіні анық. Жаңа парламент Президент бастамаларын жедел жүзеге асырады деп сенемін», - деді спикер.




Жоғары қарай