Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Мәжіліс соттар жұмысының заманауи форматына арналған құжатты мақұлдады

2020 жылдың 26 ақпан 2020 11:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сот төрелігін цифрландыруға тоқталсақ, бұл салада біраз жұмыстар атқарылуда. Соттарға бүгінгі түсіп отырған барлық талап-арыздар мен арыздардың 70 пайызы электронды жүйеде қабылданып жатыр. Бұл үрдіс болашақта да жалғасын табады деп ойлаймын», - деді ҚР Жоғарғы сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мейрамбек Таймерденов.

Сонымен қатар ол ұсыныстар туралы айта келе, бұйрық тәртібімен және оңайтылған тәртіпте қаралған істер бойынша тараптарды сот отырысына шақырмай-ақ, электронды форматта қарау ескерілгенін жеткізді. Ал тараптардан шағым түскен кезде, мұндай мәселелерді тікелей өздерінің қатыстыруымен қарау қарастырылған.

Заң жобасында сотқа қатысушылар үшін жағдай жасайтын басқа да нормалар бар. Бүгінде электронды хаттаманы енгізу, сот процестерін қашықтықта, яғни әлемнің кез келген жерінде ғаламтор арқылы қарау мәселесі қарастырылып отыр. Осы орайда 2019 жылы қанатқақты режімде 6 мыңнан астам азаматтық іс қаралған.

Айта кетейік, аталған заң жобасы үш бағыттан тұрады. Біріншіден, соттар жұмысын заманауи форматқа келтіру. Екіншіден, азаматтық процестегі тиімділікті арттыру, үшіншіден, сот ісін жүргізудегі цифрландыру қамтылды.

Мейрамбек Таймерденов судьялар жұмысында жоспарланып отырған өзгерістер туралы айтып берді.

Осы орайда ол бүгінгі Азаматтық процестік кодексте судьяның қолы байлаулы екенін атап өтті.

«Бұл проблеманы шешудің бір ғана жолы бар, яғни судьяның процестік рөлін түбегейлі өзгерту. Әділ шешім қабылдау үшін ол дауды жан-жақты, егжей-тегжейлі түсініп, анықтауы қажет. Бұл дегеніміз, судья процестік жағынан еркін болуы қажет. Қандай уәжді немесе дәлелдерді зерттеу керек екенін ол өзі анықтауы қажет. Бұл біз ашып отырған жаңалық емес, озық дамыған елдердің соттарында қалыптасқан тәжірибе», - деді Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.


Жоғары қарай