Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мәжіліс мемлекеттік сатып алуға қатысты құжатты мақұлдады

2021 жылдың 16 маусым 2021 14:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған заң жобасы 2020 жылғы 23 желтоқсанда бірінші оқылымда мақұлданды.

Жұмыс тобының заң жобасымен жұмыс істеуі барысында депутаттар:

- өнім берушіні таңдау процесін едәуір жеңілдетуге және жылдамдатуға, сондай-ақ ашық бәсекелі нарық құру есебінен бюджет қаражатының үнемделуін арттыруға мүмкіндік беретін «электрондық дүкен» ұғымын нақтылауға;

- әлеуетті өнім берушілерге конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз ету үшін ғана емес, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету үшін де жеке шотқа ақша салуға мүмкіндік беретін «электрондық әмиян» ұғымын нақтылауға;

- сатып алынатын тауарларды автоматтандырып сәйкестендіру мақсатында тауарлардың біріздендірілген сипаттамасын қалыптастыруға арналған «электрондық тауарлар каталогы» деген жаңа ұғымды енгізуге;

- «оффтейк-келісімшарттар» түріндегі мемлекеттік сатып алу туралы ұзақ мерзімді кепілдендірілген шарттар жасасуға;

- әлеуетті өнім берушілер туралы барлық мәлімет қамтылатын мемлекеттік сатып алу веб-порталында әлеуетті өнім берушілер паспорттарының базасын құруға;

- әлеуетті өнім берушілерге материалдық және еңбек ресурстарына ғана емес, мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті қаржы ресурстарына да ие болу бөлігінде қойылатын біліктілік талаптарын нақтылауға бағытталған түзетулер, сондай-ақ жекелеген нормаларды нақтылайтын және заң жобасының мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізді.

Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мәліметінше, палатаның барлық комитеті заң жобасы бойынша оң қорытындылар берді. Жұмыс тобына 257 түзету келіп түсті, олар мүдделі министрліктер, ведомстволар, қоғамдық бірлестіктер мен сараптамалық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының жиырма төрт отырысында, Комитеттің кеңейтілген отырыстарында қаралды.


Жоғары қарай