Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мәжіліс депутаты: жұмыс күші тапшы өңірлерге көшіп барғандарға бюрократиялық тосқауылдар кездесуде

2020 жылдың 24 қыркүйек 2020 12:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қоныс аударушылардың көшіп барған өңірлеріне тезірек бейімделуіне теріс әсерін тигізіп отырған бюрократиялық тосқауылдарды болдырмауы қажет.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындары жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударып жатқаны мәлім. «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкес қолға алынған бұл әлеуметтік бағдарлама өңірлерді дамытудағы теңгерімсіздік мәселесін шешуге оң ықпалын тигізуде. Жұмыс күші тапшы шекаралас өңірлердегі демографиялық ахуал біршама жақсара түсті. Дегенмен, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары тұрғындары санының азаю үрдісі әлі жалғасуда. Мәселен, солтүстікқазақстандықтардың саны соңғы 20 жыл ішінде 160 мың адамға кеміп, қазір 548 мың ғана болып отыр. Өңірге көшіп келушілерден көшіп кетушілер көп. Солтүстік Қазақстан облысындағы демографиялық ахуалдың күрделілігі айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Осыған орай өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы 2018 жылы Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында арнайы қаралып, Үкіметке тиісті тапсырмалар берілген болатын», - деді депутат Мәжілісте халықты жұмыспен қамту мәселелері қаралған Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған кешенді жоспары жасалып, іске асырылып жатыр. Аталған өңірге қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша ілкі жоба да қолға алынған.

»Солтүстік Қазақстан облысында қалыптасқан жағдайға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше назар аударып, қолдау көрсетуінің арқасында бұл өңір арнаулы экономикалық аймақ болып айқындалды. Жұмыс күші тапшы өңірлердегі демографиялық ахуалды жақсарту шараларын алдағы уақытта да жалғастыру қажет. Сонымен қатар бізге қоныс аударушылардан алдын ала уәде етілген жалақының мөлшері іс жүзінде әлде қайда аз болып шыққандығы туралы шағымдар түсіп тұрады. Бұған қоса қоныс аударушыларды қабылдау туралы жалған құжат жасап, мемлекет қаржысын жымқыру фактілері әшкереленіп жатыр. Осыған орай қабылдаушы өңірдегі жұмыс берушілердің қоныс аударушыларды қабылдауына және шарттық міндеттемелерін орындауына жүйелі мониторинг жүргізген жөн«, - деді ол.

Мәжіліс депутаты мұнан бөлек, қоныс аударушылар өз отбасыларына мемлекеттік бюджеттен бөлінетін материалдық көмек қаржысын көшіп барған өңірлерінде тұрақты тіркеуге тұрмайынша ала алмайтындықтарына шағымданып жатқанын айтты.

»Мұның өзі олардың тіркелуіне қажетті тұрғын-жайды сатып алуын қиындатып жіберген парадокс жағдай болып шықты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қоныс аударушылардың көшіп барған өңірлеріне тезірек бейімделуіне теріс әсерін тигізіп отырған бюрократиялық тосқауылдарды болдырмауы қажет«, - деді Кәрібай Мұсырман.


Жоғары қарай