Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы -10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мәжіліс депутаттары қытайлық әріптестерімен онлайн кездесу өткізді

2020 жылдың 16 қазан 2020 09:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Ван Чэнмен онлайн-кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар әңгімелесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың, халықаралық ұйымдардағы өзара іс-қимылдың және өңірдегі қазіргі ахуалдың кең ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ 2022 жылы 30 жылдығы атап өтілетін екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды және үдемелі дамуы туралы айтты.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Нұр-Сұлтан мен Бейжің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 28 жыл ішінде қарқынды саяси диалог пен терең экономикалық байланыстар орнап, жан-жақты өзара іс-қимыл серпінді дамып келе жатқанына тоқталды.

Гүлмира Исимбаева әңгімелесу барысында бұл екі ел кешбасшыларының еңбегі екенін, Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының қалыптасуы мен нығаюында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рөлін атап өтті. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары және сол ресми сапар барысында бірлескен мәлімдемеге қол қойылуы Қазақстан-Қытай қатынастарының жаңа дәуірінің басталуы екеніне назар аударды.

Өз кезегінде Қытай Парламентінің өкілі Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлкен қызығушылық танытып, оларды «қазіргі заманғы халықаралық қатынастардағы достық пен тату көршіліктің эталоны» деп атады.

Экономикалық өзара іс-қимыл туралы әңгіме барысында тараптар ҚХР-ның «Бір белдеу – бір жол» бастамасына және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасына үлкен көңіл бөлінетінін мәлімдеді.

Бұдан басқа отырыста коронавирустық инфекция пандемиясының теріс салдарын азайту бойынша тәжірибе алмасу үшін екі елдің күш-жігерін үйлестірудің маңыздылығы атап өтілді.

Осыған байланысты Қытай вице-спикері Қазақстанның елдегі эпидемиялық жағдайдың шиеленісуі кезеңінде көрсеткен көмегі үшін алғыс айтып, COVID-19 індетіне қарсы жаңа екпе әзірлеп, оны сынамадан өткізгені туралы хабарлады.

Өз кезегінде Гүлмира Исимбаева Қытай дәрігерлеріне консультативтік және тәжірибелік көмек көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар, тараптар экономиканы цифрландыру, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, көлік және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту қажеттігін атап өтті.

Әңгімелесу барысында екі елдің заң шығарушы органдарының сындарлы және серпінді диалог ісіндегі маңызды рөлі атап өтілді.

Кездесуге Мәжіліс депутаттары Мұхтар Ерман мен Қуаныш Сұлтанов қатысты.


Жоғары қарай