Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Мәулен Әшімбаев Ұлттық қордан алынған ақшаның тиімді жұмсалмайтынын сынады

2022 жылдың 5 мамыр 2022 14:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлттық қордан берілетін трансферттерді пайдалану мәселесін көтерді. Бюджетті нақтылау аясында Ұлттық қордан қосымша 1,6 трлн теңге бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәселе Ұлттық қор қаражатын пайдаланбауда емес, пайдалану керек, мұндай жағдайда болмаса, енді қашан қолданамыз? Қазіргі жағдай оңайға соғып тұрған жоқ. Мұндағы мәселе - Ұлттық қор қаржысын ұтымды әрі тиімді пайдалану қажет, олардан қайтарым болуы керек», - деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Мысал ретінде Сенат спикері өткен жылы Ұлттық қор нысаналы трансфертінен алынған қаражат қайда жұмсалғанын айтты.

«Бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамытуға 1,7 млрд теңге бөлініпті. Бұл соманың жартысына жуығы пайдаланылмай қалды. Оған қоса, ұлттық фильмдерді қолдауға және ілгерілетуге 3,3 млрд теңге бөлінді. Оның тек 34%-ы ғана жұмсалған. Неге қаражат бөлінді? Бөлінген екен, неге қолданылмады?», - деді М. Әшімбаев.

Сенат төрағасы қазіргі шығындарды Ұлттық қордан емес, республикалық бюджеттен қаржыландыру керек деп есептейді.

«Жалпы Ұлттық қордан қаражат бөлу қаншалықты дұрыс? Ұлттық қор трансферттеріне тиіспей, қазіргі шығыстарды өзге де түсімдер есебінен, республикалық бюджет кірістерінен қаржыландыруға болатын шығар. Осыған байланысты Үкімет пен депутаттарға қор қаражатын пайдалану тәртібі керек сияқты. Қажет болса, ережелерді күшейтіп, қатаңдатуға болады. Бұл бағытта Үкіметтің белсенді жұмысына үміт артамыз және Ұлттық қор мәселесі есеп күйінде қабылданатын болады», - деді М. Әшімбаев.

Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022–2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» ҚР Заңына өзгеріс енгізу туралы» және «2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады.

Бұл түзетулер аясында сәуір айынан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер қосымша 4 пайызға артады. Жалпы зейнетақының орташа мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға өседі.


Жоғары қарай