Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 10 қараша басталады

2020 жылдың 21 қазан 2020 17:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Орталық сайлау комиссияның отырысында ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауы туралы түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауы бір мезгілде өткізіледі және мерзімі жағынан Президентті, Парламент Сенаты депутаттарын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиіс.

Мәслихаттар депутаттарын сайлауды ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлаумен бір мезгілде өткізу бойынша шектеулер жоқ.

«Осыған байланысты мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындау ұсынылды.

Мәжіліс депутаттары мен мәслихат депутаттарын сайлауды бірге өткізу қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейді және қазіргі жағдайда объективті негізделген шешім болып отыр. Біріктірілген науқан - бұл бюджетті үнемдеу және пандемия жағдайында әлеуметтік байланыстарды азайту», - деді ОСК төрағасының орынбасары.

Жалпы, алдағы науқанда 216 мәслихаттың 3276 депутаты сайлануға тиіс. Осы орайда облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мәслихаттарының 589 депутаты, облыстық маңызы бар қалалардың 36 мәслихатында 596 депутат, аудандардың 163 мәслихатында 2091 депутат қамтылмақ.

Сонымен қатар Ортсайлауком мүшесі Ерлан Дауылбаев Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу шаралары туралы баяндады.

Ол өз сөзінде мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша алдағы сайлау науқанының бірқатар ерекшеліктері бар екенін атап өтті. Біріншіден, мәслихатқа сайлау алғаш рет саяси партиялардың партиялық тізімдері бойынша өтуде. Екіншіден, сайлау туралы Конституциялық заңдағы өзгерістерге сәйкес, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінде бірыңғай аумақтық сайлау округі құрылады.

Мәслихат депутаты болып жиырма жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы сайлана алады. Республика азаматы бір мәслихаттың ғана депутаты бола алады.

Осыған сәйкес депутаттыққа кандидаттарды ұсыну кезеңі 2020 жылғы 10 қарашадан бастап 2020 жылғы 4 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-ге дейін жалғасады.

Мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды тіркеу 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де аяқталады.

Сайлау алдындағы үгіт-насихат 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-ден кейін басталады және 2021 жылғы 9 қаңтарда аяқталады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев алдағы мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауына қатысты пікір білдірді.


Жоғары қарай