Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Машина жасау кәсіпорындарына қандай жеңілдіктер жасалған

2021 жылдың 22 қыркүйек 2021 17:43

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары Тимур Жақсылықов машина жасау саласында инвестициялық жобаны қолға алғандарға қандай жеңілдіктер берілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде машина жасау өнеркәсібін дамытудың үлкен әлеуеті бар. Үкімет салада жаңа инвестициялық циклды іске қосуға бағытталған нақты шаралар кешенін іске асырып жатыр. Ұлттық экономика министрлігі бұл жұмысқа «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қолдау шараларын қалыптастырып отыр», - деді ол Қазақста машина жасаушыларының ІХ форумында.

Сондай-ақ, ол мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шараларына жеке-жеке тоқталды.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша машина жасаушыларға 7 млрд теңгеге дейін, «Қарапайым заттар экономикасы» шеңберінде сомасы шектеусіз 6%-дық несие беріледі. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында былтырғы 20 сәуірден бастап салалық шектеулер алынып тасталды. Аталмыш бағдарлама бойынша 1 млрд теңгенің несиесіне 50%-ға дейін, ал 360 млн теңгенің несиесіне 85%-ға дейін кепілдік ұсынылады», - деді Тимур Жақсылықов.

Оның айтуына қарағанда, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша берілетін несие сомасы 5 млрд теңгеге дейін болса, 30%-ға дейін кепілдік, 3 млрд теңгеге дейін болса, 50% кепілдік ұсынылады.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының аясында өндірістік нысанға инфрақұрылым тарту үшін 1 млрд теңгеге дейін субсидия көзделеді. Саланың жоғары инвестициялық әлеуетін ескере отырып, машина жасау кәсіпорындары үшін салықтық ынталандырудың және инвестициялар тарту құралдарының бірқатар шаралары көзделген.

Қызметтің басым түрлері үшін инвестициялық келісімшарт жасасу кезінде коропоративтік табыс салығы, жер және мүлік салықтары бойынша жеңілдіктер қолдану шегі төмендетілді. Инвестиция сомасы 2 млн АЕК-тен 1 млн АЕК-ке, яғни 5,8 млрд теңгеден 2,9 млрд теңгеге дейін азайтылды. Арнайы экономикалық аймақта да осындай жеңілдіктер қолданылады», - деді министрдің орынбасары.


Жоғары қарай