Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Марат Башимов бейбіт жиындар өткізуге арнайы орын белгілеуге қатысты пікір білдірді

2020 жылдың 26 ақпан 2020 14:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Танымал саясаттанушы Марат Башимов бейбіт жиындар өткізуге арнайы орын белгілеуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз үшін ең бастысы - Азаматтық және саяси құқық туралы халықаралық пакті мен ҚР Конституцияның жүзеге асырылуы. Өз құқығыңды жүзеге асыру, бұл ретте жиын өткізу кезінде өзге тұлғалардың құқықтарына нұқсан келмеуі тиістігін жиі естен шығарып аламыз. Конституцияда нақты құқықтық принцип бекітілген. Сондықтан да заң жобасы жиын өткізу құқығы болғанымен өзге тұлғалардың құқықтарына нұқсан келтірілмеуі үшін талқыланып отыр», - деді Марат Башимов «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындар, шеру, пикеттер, демонстрациялық жиналыстарды өткізу мен ұйымдастыру тәртібі туралы» заң жобасын қоғамдық тыңдау барысында.

Оның атап өтуінше, кез келген жерде рұқсат етілмеген жиынның өтуі қала тұрғындарының қозғалысына жиі қолайсыздық тудырып жатады.

«Көшелерді жауып тастаған сәттің өзімізге өте қолайсыз болатындығын жақсы білесіздер. Мәселен, елордада сол жағалауды оң жағалаумен негізінен 2 көше жалғап жатыр. Егер осы екі көшені жауып тастаса болғаны кептеліс пайда болады. Ал арнайы орын белгіленгенде жағдай жасалады. Бұған қоса, орын көлік инфрақұрылымы ескеріле отырып қаланың ортасынан берілмек», - деді саясаттанушы.

Сонымен қатар ол бейбіт жиын өтетін орынның нақты қай жер екендігінің белгісіздігі журналистер жұмысына да қолайсыздық тудыратындығына назар аудартты.

«Өзім де журналиспін. Бейбіт жиын өтетін орын белгіленген болса, онда бұл біздің жұмысымызға өте қолайлы. Нақты орынның болмауы қиындықтар туындатады. Тіпті оларды іздеп табудың өзі қиынға соғады. Бүгінде журналистер үшін жеделдік өте маңызды», - деді ол.

Айта кетерлігі, қоғамдық талқылау барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин заң жобасында бейбіт жиындарды шеткі аймақтан емес, мамандандырылған орындарда, сонымен қатар мәслихат құзіретімен бекітілген орындарда өткізу көзделетіндігін айтқан еді.



Жоғары қарай