Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Маңғыстаулық кикбоксёрлер әлем кубогында тоғыз медаль жеңіп алды

2022 жылдың 17 мамыр 2022 09:31

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Түркияның Ыстанбұл қаласында кикбоксингтен ересектер, жастар және кадеттер арасында өткен VII әлем кубогында Маңғыстау облысының спортшылары төрт алтын, бес қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

12-15 мамыр аралығында өткен жарысқа әлемнің 45 елінен 900-ге жуық спортшы бақ сынаған.

Кикбоксингтен Маңғыстау облысының бас бапкері Төремұрат Селіковтің айтуынша, ақтаулық боксшылар байрақты бәсекеде барлық жас санаттарында қатысты.

2004-2005 жылғы спортшылар арасында үш боксшы елге жоғары медаль әкелді. Ақжол Қосыбаев (51 келі) К-1 ережесінде, Әнуар Бақытжанұлы (75 келі) мен Нұрсат Ғалымбекұлы (91 келіден жоғары) фулл-контакт ережесінде қатысып, алтын жүлдеге ие болды. Бұл жас санатында Ерасыл Досан (86 келі) лоу-киктен қола жүлдегер атанды.

2006-2007 жылы туған кадеттер арасында фулл-контакт бойынша Асқар Тынышбай (54 келі) алтын медаль жеңіп алды. Ал сол жас категориясында бақ сынаған Дидар Базар (51 келі, лоу-кик), Айсағали Мәди (57 келі) және Махмұд Мәди (67 келі) қола жүлдені қанжығасына байлады.

Ересектер арасында 67 келіге дейінгі салмақта Селбай Өнербек фулл-контакт бойынша қола жүлдегер атанды. Ол төртінші раундта түрік балуаны Қарадак Танжудан жеңіліп қалды.


Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай