Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Маңғыстаудағы Кендірлі ауылының іргетасы қаланды

2021 жылдың 24 қаңтар 2021 03:25

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында жаңа елді мекен құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы Серікбай Трұмов «Кендірлі» деп аталатын ауылдың іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Жаңа ауыл Кендірлі курорттық аймағының маңында, яғни теңізден 2 шақырым қашықтықта, Жаңаөзен қаласынан 63 шақырым жерде орналасады.

Қазір ауылдың бас жоспарын дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Аймақ басшысы бұл бастаманы қолдап, жаңа ауыл құрудың маңыздылығын атап өтті.

С.Трұмов Жаңаөзен қаласы мен оған жақын орналасқан ауыл халқының едәуір артуына байланысты бұл жобаның тиімді екенін жеткізді. Сондай-ақ, жауапты тұлғаларға ауылдың бас жоспарын әзірлеуде жергілікті жердің және жалпы өңірдің ерекшелігін ескере отырып, ең заманауи әдістерді қолдануды тапсырды.

Бірінші кезекте инфрақұрылым құрылысына көңіл бөлінеді, содан кейін ғана жеке тұрғын үй құрылысына жер бөлу басталады.

Сонымен қатар, алдағы уақытта Кендірлі курорттық аймағында тәулігіне 50 мың текше метр су тұщытатын зауыт салынбақ. Су зауыты Жаңаөзен қаласы мен оған жақын маңдағы барлық ауылдардың қажеттілігін толық қамтамасыз ететін болады.

Облыс әкімі жаңа ауылдың теңізге жақын орналасуы Кендірлінің туристік аймағын одан әрі белсенді дамытуға мүмкіндік беретінін айтты.

Сондай-ақ, болашақта осы аумақта жаңа аудан құру мәселесі талқыланды. Ол шамамен 7-9 ауылды қамтуы мүмкін. Олардың арасында Рахат, Теңге, Бостан, Сенек және басқалары бар.

Кендірлі ауданы 616 мың гектар аумақта орналасатын болады. Бүгінгі таңда шекараны анықтау, сондай-ақ бас жоспарды дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жоғары қарай