Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Маңғыстауда жыл басынан карантинді бұзған азаматтарға 26 млн  теңгеге жуық айыппұл салынды

2021 жылдың 15 қыркүйек 2021 19:26

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда жыл басынан бері карантин талаптарын бұзған азаматтарға 26 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті.

«Облыстағы мониторинг топтарымен 2021 жылдың 1 қаңтарынан биылғы 13 қыркүйек аралығында 2998 рейд жүргізіліп, 16405 нысан қамтылды. Рейд барысында 112 нысанда карантин талаптарын бұзған деректер анықталып, 112 әкімшілік хаттама толтырылды. Жалпы салынған айыппұл сомасы 25 888 375 теңге»,- деді Ғазиз Надуев.

Сонымен қатар, 7 қыркүйектегі қаулыға сәйкес жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесі бойынша бизнес объектілерінде емін-еркін жүрген «сары/қызыл» статусы бар тұрғындар анықталды. «Ashyq» жобасына қатысатын объектілерде анықталған «қызыл» мәртебесі бар 44 тұрғынға 2 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.

«2021 жылдың 23 мамырынан бастап барлығы «Ashyq» жобасына қатысатын объектілерде анықталған «сары/қызыл» мәртебесі бар оқшаулануға жататын адамдардың саны 2342, оның ішінде 1723 «қызыл» мәртебесі бар, 619 «сары» мәртебесі бар. «Қызыл» мәртебелі 44 жеке тұлғаға барлығы 1 925 220 теңге айыппұл салынып, әкімшілік хаттама толтырылды», - деп мәлім етті Ғ.Надуев.

Спикердің айтуынша, коронавирус инфекциясы бойынша облыс аймағында COVID-19 оң нәтижесімен тіркелген тұрғындар саны өткен аптамен салыстырғанда 1,6 есе төмендеген.


Жоғары қарай