Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Маңғыстауда жазасын өтеушілер 40 мың дана вирустан қорғаныш костюмін тікті

2020 жылдың 14 шілде 2020 18:05

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда 32 жазасын өтеуші 40 мың дана вирустан қорғайтын костюм тіккен. Бұл туралы ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшасы Роман Теленьков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Медицина қызметкерлеріне арналған қорғаныш костюмдерді тігумен 32 жазасын өтеуші айналысады. Осы мақсатта ГМ 172/6 түзеу мекемесінде шағын цех құрылған. Қолдан пішілген костюмдердің сапасы санитарлық талаптарға сәйкес.

«Вирустық инфекциядан қорғану костюмдерін қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер Маңғыстау өңірінде карантин режимі жарияланғанға дейін тіге бастаған болатын. Бүгінде 32 сотталушы жұмыс кестесіне сай тәулігіне бірнеше костюм пішіп шығаруда. Олар заң жүзінде тұрақты қызметке тартылған. Еңбегі үшін айына 42 500 теңге көлемінде жалақы алады», - дейді Роман Теленьков.

Ақтауда шығарылған бұл киімдер бірінші кезекте жергілікті денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері үшін жеке қорғаныш құралы есебінде сатып алынуда. Бір костюмнің нарықтағы құны 1 500 теңгеге бағаланған. Сондай-ақ облыстағы басқа да кәсіпорындардан әлгі костюмдерге көптеп тапсырыс түсіп жатқан көрінеді.

Бастысы, темір тордың артында отырғандар жұмыс істеп, сұранысы жоғары өнім шығаруда. Олар коронавируспен күреске өз үлесін осылайша қосып жүр.


Жоғары қарай