Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Маңғыстауда туған күнін дүркіретіп тойлаған басқарма басшысы жазаланды

2020 жылдың 14 қыркүйек 2020 17:32

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Әлбекова карантин кезінде сақтық шараларын бұзып, туған күніне орай той өткізгені үшін жазаланды. Бұл жөнінде ҚазАқпарат Маңғыстау облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Ведомство үй ауласында жаппай іс-шара өткізу фактісін анықтады. Лауазымды тұлға түсініктеме беру үшін департаментке шақырылды. Сондай-ақ, Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды» делінген баспасөз хабарламасында.

ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 425-бабы 1-бөлігінің санкциясына сәйкес талапты бұзған лауазымды тұлғаларға 230 АЕК немесе 638 940 теңге көлемінде айыппұл салынуы тиіс.

Маңғыстау облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті облыс әкімдігі мен мемлекеттік қызмет істері департаментіне тиісті хат жолдады.

Айта кетейік, бүгін әлеуметтік желіде Маңғыстау облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Әлбекованың туған күнінен видео тарады.

Әзірге шенеунік бұған қатысты ешқандай мәлімдеме жасамады.


Автор: Әсел Тұмашқызы


Жоғары қарай