Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Маңғыстауда құрылыс қалдықтарын жинап, қайта өңдейтін полигон ашу жоспарланып отыр

2021 жылдың 17 сәуір 2021 18:31

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында құрылыс қалдықтарын жинау мен қайта өңдеу полигонын ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков мәлім етті.

Оның айтуынша, өңірде санитарлық талаптарға сәйкес келетін 7 полигон бар. Бұл полигондар Жаңаөзен, Форт-Шевченко қалаларында және Мұнайлы ауданының Баянды ауылында, Қарақия ауданының Жетібай, Құрық ауылдарында, Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында, Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында орналасқан. Арнайы талапқа сай емес 16 қоқыс тастайтын алаң бар. Ал бұл орындар Маңғыстау ауданындағы 7 ауылда және Бейнеу ауданындағы 9 ауылда орналасқан.

«Жалпы полигондардың жағдайы мен қоқысты сұрыптау жұмыстары мәз емес. Аймақта тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптаумен, қайта өңдеумен айналысқысы келетін инвесторлар бүгінгі ахуалға байланысты кідіріп тұр», - деді Дүйсен Құсбеков.

Спикердің мәліметінше, қазір өңірде құрылыс жұмыстары артып жатыр. Сәйкесінше құрылыс қалдықтары да көбеюде.

«Құрылыс қалдықтарын жинау мен қайта өңдеу алаңының құрылысы Нұрсұлтан қаласында жүргізілуде. Осыған орай, Маңғыстауға да Мұнайлы ауданындағы полигон маңынан құрылыс қалдықтарын жинау мен қайта өңдеу алаңын ашуды ұйымдастырсақ дейміз. Маңғыстау облысында қалдықтарды жинау және шығарумен 21 мекеме айналысады. Өңір бойынша 12 006 дана қоқыс сақтайтын контейнер бар. Әлі де 16 819 данасы қажет», - деді Дүйсен Құсбеков.


Жоғары қарай