Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

МӘМС: Балаларға медициналық көмек көрсету бойынша жиі қойылатын 10 сұрақ

2021 жылдың 18 сәуір 2021 21:30

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалына балаларға медициналық көмек көрсету тәртібіне қатысты көптеген сұрақ түседі. Филиал мамандары бүгін осындай маңызды 10 сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Балалар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлеу керек пе?

- Жоқ, 18 жасқа дейінгі балалар жеңілдігі бар 15 санатқа жатады. Олар мемлекет тарапынан сақтандырылады. Сондықтан балаларға сақтандыру пакетіндегі медициналық көмек толыққанды көрсетіледі.

- Балаларға арналған стоматологиялық көмек МӘМС пакетіне кіре ме?

- 18 жасқа дейінгі балаларға стоматологиялық көмек шұғыл және жоспарлы түрде тегін көрсетіледі. Медициналық сақтандыру пакетіне стоматологиялық қызметтің мынадай түрлері кіреді:

- тісті жансыздандыру және жұлу;

- пломба салу;

- абсцесті ашу;

- пульпит, периодонтитті емдеу;

-гипоплазия, флюороз кезінде тістің анатомиялық пішінін қалпына келтіру;

- ерін мен тіл пластикасы;

- рентгенография;

- ортодонтиялық қызметтің: жақ пен беттегі туа бітті ақауларды және жарық таңдаймен тылу сынды түрлері.

Стоматологиялық көмек қажет болса емханаға ғана емес, стоматологиялық клиникаға да жүгіне аласыз. Бірақ сіз жүгінген клиника Қордың жеткізушілер базасына енген болуы тиіс. Олардың тізімін МСҚ сайтынан таба аласыз.

- Қандай жағдайларда балалар құрғақ сүт қоспаларымен тегін қамтамасыз етіледі?

-Бір жасқа дейінгі балаларды құрғақ қоспалармен тіркелген емхана арқылы қамтамасыз етіледі. Құрғақ қоспалар мынадай жағдайларда беріледі:

- емшектегі нәрестені асырап алғанда;

-анасы АИТВ инфекциясы немесе туберкулездің белсенді түрі, психикалық ауытқушылықтар, туа біткен және жүре пайда болған жүрек кемістігі, жүрек-қан тамыр жүйесі аурулары, эндокриндік және аллергиялық аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын болса;

- бала туа біткен лактаза жеткіліксіздігі, галактоземия, фенилкетонурия, лейциноз ауруымен ауыратын болса;

- анасы цитостатикалық, радиоактивті, тиреоидты, психотроптық және құрамында есірткісі бар дәрі-дәрмек қабылдайтын болса;

- бірден бірнеше бала туылса және емшек сүті жеткіліксз болса;

- жас босанған ана күндізгі оқу бөлімінде білім алып жатқан болса;

- анасы стационарда емделіп жтқан болса.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесімен толығырақ Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылы 9-қаңтардағы №ҚР ДСМ-1/2020 бұйрығы арқылы танысуға болады.

- Созылмалы ауруға шалдыққан балалар оңалтудың қандай түрлерінен өте алады?

- Созылмалы аурумен ауыратын балалар мен жасөспірімдер жылына 2-3 рет тұрақты медициналық оңалтудан өте алады. Аурудың асқынуына жол бермеуге бағытталған бұл шаралар емханаларда динамикалық бақылау кезінде атқарылуы тиіс.

Оңалту түрін пациенттің ауруына байланысты емхана қызметкерлері тағайындайды. Ем-шаралар жолдама бойынша емханаларда, күндізгі және тәулік бойғы стационарларда, оңалту орталықтарында және үй жағдайындағы стационар арқылы жүргізіледі.

2020 жылы балалар ұзын-саны 58 мың оңалту шарасынан өткен, оның жартысынан көбі – созылмалы сырқаттарға қатысты.

- Спорттық секцияларға жазылмас бұрын ЭКГ, жүрекке УДЗ жасатуды, кардиологтың қорытындысын сұрайды. Оны тегін алуға бола ма?

- Әрине. Ол үшін тіркелген емханадағы учаскелік дәрігердің /педиатрдың/ қабылдауына жазылу қажет. Дәрігер кардиологқа жолдама береді және ол спортқа қарсы көрсетілім бар-жоғын анықтайды.

- Қандай жағдайларда балалар дәрігерін үйге шақыртуға болады?

- 5 жасқа дейінгі баланың денсаулығы нашарлаған жағдайда учаскелік дәрігерді үйг шақыртуға болады.

Ал, жасы бестен асқан балаларға үйге шақырған кезде оған бастапқы медициналық-санитарлық көмек маманы-дәрігер, орта буын қызметкері көмек көрсетеді.

- Жеке клиникаларда жоспарлы авкцина тегін салына ма?

- ҚР Үкіметінің 2020 жылы 24-қыркүйектегі №612 қаулысына сәйкес, жұқпалы ауруларға (туберкулез, гепатит, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және сіреспе, B типті гемофильді инфекция, пневмококкты инфекция, қызылша, қызамық және паротитке қарсы жоспарлы профилактикалық екпелер – балаларға меншік нысанына қарамастан, тіркелген медицина ұйымында, тегін жүргізіледі. Қазақстанда вакцинация мерзімі Ұлттық егу күнтізбесімен бекітілген.

- Балаға туа біткен жүрек аномалиясы диагнозы қойылды, оған қандай көмек қажет?

- Туа біткен жүрек кемістігі бар балаларға медициналық көмек толықтай тегін көрсетіледі.

- Балабақшаға немесе мектепке дайындаған кезде талап етілетін медициналық анықтаманы сатып алу керек пе?

- Жоқ, сатып алудың қажеті жоқ. Балабақшаға немесе мектепке қабылдау үшін талап етілетін медициналық анықтаманы тіркелген емханадан алуға болады. Анықтамаға баланың физиологиялық параметрлері, аллергиялық реакциялары, созылмалы және бұрын болған инфекциялық аурулары, алынған екпелері туралы мәлімет, профилактикалық тексерулердің және зертханалық талдаулардың нәтижелері және т. б. енгізіледі.

- Баланы профилактикалық тексеруден өткізу жиілігі қандай?

- Балалар жыл сайын – туғаннан бастап кәмелетке толғанға дейін тұрақты түрде профилактикалық тексеруден өткізіледі. Бала-бақшадағы балаларды, мектеп пен орта арнаулы оқу орындарында оқитын оқушыларды және 18 жасқа дейінгі студенттерді білім беру мекемесіндегі көшпелі бригада тексереді. Мектепке дейінгі мекемелерге бармайтын балаларды тексеру емханада немесе отбасылық денсаулық орталығында жүргізіледі.

Профилактикалық қарап-тексерулердің жиілігі ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылы 15-желтоқсандағы № ҚР ДМС-264/2020 бұйрығымен бекітілген.


Жоғары қарай