Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 377.09
EUR 407.37
RUB 5.93
CNY 53.95

Мамандар кеңесі: Флюорографияны қалай дұрыс өту керек

2020 жылдың 25 қаңтар 2020 08:43

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Флюорографияны неше жастан бастап, не үшін және жылына қанша рет өту қажет? Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары кеңес береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Флюорографияға қатысты басқа сауалдарға ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Инфекциялық емес аурулардың алдын алу департаментінің скринингтік бағдарламаларды мониторингілеу бөлімінің бас маманы Гүлжан Қоңыршина жауап берді.

«Кеуде қуысының флюорографиясы-кеуде қуысы мен өкпе органдарын рентгенологиялық тексерудің профилактикалық және диагностикалық әдісі. Кеуде қуысының флюорографиясы обырды, туберкулезді және өкпенің кәсіби ауруларын анықтау үшін скринингтік зерттеу болып табылады», - деді Гүлжан Қоңыршина.

Маманның ақпараты бойынша, флюорография диагностикалық мақсатта жылына 1 рет барлық ересектер мен 15 жастан бастап жасөспірімдерге жүргізіледі. Алайда, осы тексеру жиі жүргізілетін адамдар тобы бар (жылына 2 рет). Олар; «Зиянды өндірісте» жұмыс істейтін адамдар (болат құю, кен өндіру, резеңке, асбест, полипропилен өндіру зауыттары, сондай-ақ химиялық кәсіпорындар); Балалармен жұмыс істейтін адамдар (педагогтар, тәрбиеші); Перзентханалардың, туберкулезге қарсы диспансерлердің, инфекциялық бөлімшелердің және перинаталдық орталықтардың медицина қызметкерлері; Созылмалы патологиялары бар емделушілер (демікпе, қант диабеті, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы және т.б.).

Барлық рентгенологиялық зерттеулерді 14 жасқа дейінгі жасөспірімдерге өтуге болмайды! Сонымен қатар, 15 жасқа толмаған тұлғалар және жүкті әйелдер, әсіресе бірінші триместрде өтуге тыйым салынады.

Флюорографияны босанғаннан кейінгі алғашқы күндері әйелдерде туберкулезді анықтау мақсатында жүргізеді. Процедурадан кейін сүт порциясын сүзіп тастап, содан кейін ғана баланы емізуді жалғастыруға болады.

Маманның айтуынша, aлюорографияға дайындалу және оны өткізу тәртібі бар.

Гүлжан Қоңыршина атап өткендей, флюорография арнайы дайындықты қажет етпейді және кез келген уақытта өткізіледі.

Зерттеу жүргізер алдында бірнеше сағатқа темекі шегуден бас тарту керек – бұл анық және айқын көріністі алуға мүмкіндік береді. Ем-шара басталғанға дейін дененің жоғарғы бөлігін ашып, ем-шара алдында барлық металл заттарды (шынжыр, алқа т.б.), сондай-ақ бет пен денеден құрамында металл бар косметиканы алып тастау керек. Ұзын шашты суретке кедергі жасамауы үшін төбеге жинап тастау ұсынылады. Зерттеу тек тік жағдайда жүргізіледі, сондықтан ол жатқан науқасқа тағайындалмайды.

Флюорография кезінде рентгенологтың барлық ұсыныстарын дәл орындау керек. Сурет барынша терең демалғанда жасалады - бұл кезеңде өкпе жақсы ашылып, толық суретті алуға мүмкіндік береді.

Зерттеу кезінде рентген сәулелері арқа жақтан өтіп аса сезімтал пленкасы бар кассетаға түсіп, ары қарай зерттеуге мүмкіндік береді.

Флюорографияны не үшін жасау керек? Флюорограмма дені сау, бұрын ешқандай өкпе ауруымен ауырмаған адамда қалыпты болады. Флюорография нормасы – қара дақтарсыз өкпе суреті.

Патологиялық флюорограмма – бұрын ауырған немесе бар ауруды куәландыратын өзгерістер анықталғанда болады: Түрлі қатерсіз және қатерлі ісіктер; қабыну ошағы; фиброз; өкпе туберкулезі; бөгде денелер; ішкі органдар тіндерінің некрозы; абсцесстер.

«Әрине, өкпе флюорографиясы патология туралы нақты ақпарат бермейді, бірақ ол өкпе тіндеріндегі өзгерістерді, сұйықтықтар мен жаңа өскін жасушаларының пайда болуын дер кезінде диагностикалауға мүмкіндік береді. Осы уақытқа дейін процедура өкпенің алдын алу диагностикасында ең қажетті болып табылады», - дейді Гүлжан Қоңыршина.

Жоғары қарай