Мақтааралдың су басқан елдімекендерінде инфрақұрылым жүйелері қайта қалпына келтірілуде

МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Мақтаарал ауданының су басқан елдімекендерінде инфрақұрылым жүйелері қайта қалпына келтірілуде. Мырзакент кентіндегі жаңа мөлтек ауданда ауыз су, кәріз, электр, газ, байланыс, ағын су желілері салынып, абаттандырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, Фирдауси, Өргебас, Жаңатұрмыс және Жеңіс ауылдарында ауыз су жүйелері қайта қалпына келтірілуде. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев пен аудан әкімі Бақыт Асанов Мырзакенттегі инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстарын бақылап, орын алған кейбір кемшіліктер бойынша мердігер мекемелерге ескертулер жасады.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы су басқан ауылдарда 40,1 шақырымды құрайтын 27 ішкі көшеге асфальт төсеу жұмыстары да жоспарланып отыр.