Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Мақтааралдағы су басқан Өргебас ауылында алғашқы 66 үйдің іргетасы қаланды

2020 жылдың 25 маусым 2020 20:53

МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Мақтаарал ауданындағы су шайған Өргебас ауылында алғашқы 66 үйдің іргетасы қаланып, 20 үйдің шатыры жабылды. Сондай-ақ, 20 үйдің қабырғасы өріліп, бірінші жаппасын жабу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

195 тұрғын үй бар Өргебас ауылында бүгінгі таңда 145 баспана толық бұзылып, құрылыс жүріп жатыр. Ал, 50 үйді бұзбауға тұрғындардың өздері өтініш білдірген. Аталған ауылға жауапты болып бекітілген Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбековтың айтуынша, 195 үйдің 184-іне 8,5 млн теңгеден аударылған.

Қалған қаржы екінші траншпен аударылады. Баспанасын өздері салатын тұрғындарға құрылыс материалдарын жеткізіп беру жұмыстарында қолбайлау жоқ. Яғни, Жетісай аудандық әкімдігі құрылыс материалдарын шағырумен айналасатын кәсіпкерлермен келісіп, қажетті материалдарды дер кезінде жеткізіп беру үшін келісімшарт жасалған.

«Құрылыс материалдарын шығаратын немесе сататын кәсіпкерлерді осында арнайы шақыртып, ауыл тұрғындарымен кездесу өткіздік. Соның арқасында бүгінгі таңда құрылыс материалдарынан тапшылық жоқ. Негізінен құрылыс материалдары Шымкент пен Сарыағаш қалаларынан жеткізілуде», - дейді Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков.

Айта кетейік, жалпы Өргебас ауылындағы 195 үйдің 7-еуінде құжаттары жөнінде мәселе туындаған болатын. Яғни, 7 үйдің су алмай тұрып құжаттары заңдастырылмаған. Қазіргі таңда бұл үй иелерінің құжаттарын рәсімдеуіне көмек беру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, өргебастық 195 отбасының бәрі дерлік 1000 АҚШ доллларына яғни, өтемақыға құжаттарын түгел тапсырған. Оның бүгінде 8 пайызы ғана төленбей тұр.

Өйткені бұл құжаттар комиссия қарауында жатыр. Ал, 100 мың теңгелік өтемақыға құжаттарды облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасымен бірігіп, құжаттар түгенделген. Соңынан комиссияға өткізіліп, жақын күндері аударылады деп күтілуде.

«Үй құрылысынан бөлек, Өргебас ауылында үш көпірді қайта қалпына келтіру мен 4 негізгі көшеге тас төсеу, асфальттауға дайындау жұмыстары да қатар жалғасуда. Қазірдің өзінде су тасқынынан ойылып кеткен Мәдениет және Бірлік көшелері қалпына келтірілген. Сондай-ақ, қоқыс және қатты қалдықтарды шығару және үй салу жұмыстарына Жетісай ауданы мен Өзбекстан Республикасынан келген 10 арнайы техника мен 170 жұмысшы еңбек етіп жатыр»,- деді Серік Пірімбеков.





Жоғары қарай