Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мағзұм Мырзағалиев табиғатты қорлаушылармен қалай күреспек

2020 жылдың 22 шілде 2020 17:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев табиғатқа қатігездік танытқан жәйттермен қалай күресу керектігін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өкінішке қарай, соңғы аптада біз табиғатқа қатігездік танытқан бірнеше жайтқа куә болдық. Бұл - баршамызға белгілі Ақтаудағы итбалықты ұрып-соғу, Бурабайда үйіліп жатқан қоқыс, Алматы маңында Первомайда жайқалып өскене Қызыл кітапқа енген лотосты жұлып алып, желіге жариялау, сондай-ақ бірегей Көбейтұз көлінен тұз ұрлап, сату фактілері. Бұл - тек бізге белгілі болған жайттар», - деді Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, бұл мәселемен күресудің тәсілі бар.

«Бірінші, бұл - экологиялық білім беру. Біз халықтың экологиялық ой-санасын өзгертіп, өзіміз үлгі болып, балаларды табиғатқа ұқыпты қарауды үйретуіміз керек. Мысалы, сол қоқысты өзімен бірге алып кету, әсіресе оны өртемеу, балаларды өсімдіктер мен жануарларды күтуге үйрету, яғни өзіміз табиғат қорғау қызметіне белсене қатысуымыз керек. Ағаш отырғызып, жан-жануарларды барынша қорғауымыз қажет. Осының бәрі балалық шақтан басталады. Сондықтан да, Мемлекет басшысы Білім министрлігіне мектепте балаларға экологиялық білім беретін жаңа пән енгізуді тапсырды. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгін таңертең өзінің Twitter аккаунтында хабарлады», - деді ол.

Министрдің айтуынша, екінші әдіс - айыппұл салу.

«Соңғы күндері туристер легі көбейгенін байқаймыз. Бірақ, олар барған жерінде көп қоқыс қалдырып жатыр. Бізге жиі қоқыс салатын ыдыс орнату туралы ұсыныс айтылды. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, біз неғұрлым көп бак қойсақ, соғұрлым азаматтар көп қоқыс шашады. Осыған орай, біз айыппұл салуға мәжбүрміз. Біз ішкі істер министірлігімен бірге осы мәселені пысықтадық. Осы демалыс күндерінен бастап жағдайды мониторингтеу және бірден, жергілікті жерде шара қабылдау үшін ұлттық парктер мен демалыс аймақтары бойынша рейд жүргіземіз. Қоқыс тастаушыларға айыппұл саламыз! Рейдтерге бізбен бірге экологтар, қоғам белсенділері мен еріктілер шығады», - деді ол.


Жоғары қарай