Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мағзұм Мырзағалиев: Көбейтұздың суы мен тұзы денсаулыққа зиян

2021 жылдың 14 маусым 2021 12:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қазақстандықтарға Көбейтұзға бармауға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көбейтұз туралы нақты мынаны айта аламын. Біріншіден, былтыр әкімдік су мен тұзға талдау жасады, одан жағымсыз қорытынды шыққан. Ондағы су мен тұздың құрамында металдар өте көп екені мәлім болып отыр. Мен осы алаңды пайдаланып, тұрғындардан Көбейтұзға барудан тартынуды сұрағым келеді», - деген министр аталмыш көлді ерекше қорғалатын аумаққа айналдыру жергілікті әкімдікке байланысты екенін ескертті.

«Ерекше қорғалатын аумаққа айналдыру мәселесіне келсек, бұл – жергілікті атқарушы органның құзырындағы шаруа. Біз оны жергілікті режимдегі ерекше қорғалатын аумаққа айналдыруды ұсынған болатынбыз. Лабораториялық зерттеулердің қорытындысын алып отырмыз. Әкімдік қазір бұл мәселені соңына дейін зерттеп бітіреді. Алдағы 1-2 күнде облыс әкімдігімен сөйлесіп, нақты мәлімет алатынымды айтқым келеді», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Сонымен қатар, ведомство басшысы Көбейтұздың суы мен тұзы адам ағзасына қауіп төндіруі мүмкін деген болжам айтты.

«Көбейтұзға былтыр аудан әкімдігі кордон қойған. Одан әрі қарай көлікпен өтуге болмайды. Екіншіден, тағы қайталап айтамын, көлге бару адамдардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін», - деді Мағзұм Мырзағалиев.


Жоғары қарай