Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

LRT ісі бойынша алғашқы сот отырысы қашан өтетіні белгілі болды

2020 жылдың 20 қазан 2020 20:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы LRT ісі бойынша алғашқы сот отырысы 29 қазанда өтетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«LRT құрылысына қатысты қаражатты жымқыру бойынша алғашқы сот отырысы 29 қазан күні сағат 10.00-де басталады. Сотталушылар ретінде қаланың Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының бастығы Рашид Аманжолов, бұрынғы депутат әрі мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов, «Astana Innovations» АҚ бұрынғы басшысы Талғат Әшім, сонымен қатар әртүрлі кәсіпорындардың қызметкерлері Ұлықбек Әшімов, Тимур Қасабаев, Дулат Мүсенов пен Дәурен Әбдізхамитов жауап береді», - деп хабарлайды соттан.

Еске сала кетсек, осы айдың басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров «Астана LRT» компаниясы бойынша іс сотқа жолданғанын хабарлаған еді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жеңіл рельсті көлік жобасын іске асыру кезінде 5,8 млрд теңгені жымқыру фактісі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, «Астана LRT» ЖШС және басқалардың лауазымды адамдарына қатысты қылмыстық істі аяқтап, сотқа жолдады. Сотқа 7 адам берілді. Қ.Сұлтанбеков және Т. Ардан «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасымен халықаралық іздеуде», - деді ол онлайн-брифингте.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев LRT ісі бойынша жауапты адамдар бақылаушы органдардың сұрағына жауап беруі керектігін ескерткен болатын.


Жоғары қарай