Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 386.71
EUR 429.17
RUB 6.02
CNY 54.66

Ләззат Сүйіндік Қазақстанда аудиториясы артып келе жатқан телеарналарды атады

2019 жылдың 11 қыркүйек 2019 12:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Салалық телеарналардың мәселесі көтерілген Astana Media Week шарасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрайымы Ләззат Сүйіндік кейінгі жылдары мақсатты аудиториясы өсіп келе жатқан отандық телеарналарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2010 жылы Елбасының тапсырмасы бойынша министрліктің қолдауымен «Balapan» телеарнасы ашылды. Ол кезде телеарнаның көрермені аз еді. Қазір жағдай басқа. Бүгінгі таңда «Balapan» телеарнасының Youtube арнасындағы қаралымдарының саны мол. Арна контентті қазақ тілінде жүргізіп отыр. Қазір бізде тың жоба бар. Біз «Мулть» арнасының мултфилмдерін сатып алып жатырмыз. Қазірдің өзінде «Мульт» арнасының 30 пайызы қазақ тілінде «Balapan» арқылы берілуде. Келесі жылы «Мульт» арнасының 50-60 пайызын қазақ тілінде шығаруды көздеп отырмыз. Әлбетте, өзіндік өнім керектігін түсінеміз», - деді Ләззат Сүйіндік.

Сонымен бірге, комитет төрайымы отандық телеарналардың алтын қоры барын еске салды.

Оның айтуынша, қазақ киносының алтын қоры «Ел Арна» телеарнасының ашылуына мұрындық болған.

«Өткен жылы «Ел Арна» телеарнасын ашу туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта медиаөлшемдер бойынша ол телеарна өзінің мақсатты аудиториясын арттырып келеді. Бүгінгі таңда елімізде «Balapan», «Qazsport», «Ел Арна» телеарналарының аудиториясы жыл санап көбеюде. Одан бөлек, «Тамаша» телеарнасының ашылғанын білесіздер. Яғни, Қазақстанда салалық телеарналардың сұранысқа ие болып жатқанын байқап отырмыз», - деді ол.

Еске сала кетсек, елордадағы «Қазмедиа» орталығында үш күнге созылатын Орталық Азиядағы ең ірі медиа-оқиға — Astana Media Week өтіп жатыр.

Astana Media Week-тің бірінші күні сериалдық өнімдерді әзірлеу және шығару тақырыбымен және салық преференциялары, кино прокатының шарттары, мазмұны, фильм өнімінің шығармашылық деңгейі және оның демеушілер үшін тартымдылығы, салалық телеарналар мәселесі тақырыбымен ерекшеленеді.


Жоғары қарай