Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Латын Америкасының коронавируспен күресі көңіл көншітпейді

2020 жылдың 7 маусым 2020 15:55

МЕХИКО. ҚазАқпарат – Латын Америкасының әлемді жайлаған індетке қарсы шаралары көңіл көншітпейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат CNN-ге сілтеме жасап.

Мұнда коронавирустан кісі өлімінің саны басқа кез келген өңірге қарағанда тез артып келеді.

Латын Америкасында 1,2 миллион адамнан коронавирус анықталған, 60 000-нан астам адам қайтыс болған.

«Бізді әсіресе Орталық Азия мен Оңтүстік Америкадағы жағдай алаңдатады, онда көптеген елде індет өршіп келеді», - деп мәлімдеді сәрсенбі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.

Латын Америкасындағы коронавирустан көп зардап шеккен елдер: Бразилия, Мексика және Перу. Бұл елдер аймақ халқының 60%-ын құрайды. Бразилияда 645 771 адамнан коронавирус анықталды , 35 026 адам қайтыс болды.

Бұл ел жақында COVID-19 жұқтырудан әлемдегі Америка Құрама Штаттарынан кейін екінші орынға шықты. Осы аптада Риу-Гранди-ду-Сул Федералды университеті жариялаған зерттеуде 20 маусымға қарай Бразилияда КВИ анықталған адам саны 1 миллионға, ал өлген адам саны 50 000-ға жетеді деген болжам жасалған.

Agencia Brasil Бразилия президенті Жаир Болсонару осы аптада ДДҰ-ға АҚШ-тың артынан ұйымнан кетеміз деп сес көрсеткен. Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тым идеологияландырылған және Бразилия елдің денсаулық сақтау саласында не істеу керектігі жайлы аталған ұйым жөн сілтеуіне жол бермейді.

«Бүгін таңертең Бразилияның Денсаулық сақтау министрлігі соңғы айларда елдегі коронавирустың өршуі туралы барлық мәліметтерді алып тастады», деп хабарлайды BBC News.

Министрлік қазір вирус жұқтырудың жаңа жағдайлары мен өлім-жітім статистикасы туралы деректерді тек соңғы 24 сағат ішінде жариялайтын болады. COVID-19 жағдайларының саны туралы жалпы деректер жарияланбайды.

CNN хабарлағандай, Мексикадағы ахуал Бразилиядағыдай қорқынышты емес, дегенмен жағдай көңіл көншітпейді. Өткен аптада коронавирус анықталу және одан болған кісі өлімі туралы деректер көп тіркелді. Осы аптада елде алғаш рет бір күнде 1000-нан астам адам өлімі болды. Сондай-ақ, үш күн қатарынан ауру жұқтырудың жаңа деректері өте көп тіркелген.

Мексикада қазірдің өзінде COVID-19 жұқтырған 110 026 жағдай тіркелген. Жаңа вирустан 13170 адам қайтыс болған. Көрсетілген статистикаға қарамастан, Мексика билігі елдегі экономикалық және әлеуметтік өмірді біртіндеп жолға қоймақшы.

Перу елінде коронавирустың 187 400 жағдайы тіркелген. Бұл – Бразилиядан кейінгі аймақтағы екінші нашар нәтиже. Осыған қарамастан Перу билігі Мексикадан үлгі алып, карантинді алып тастамақ. Жақында елдегі экономика бұрынғы өмірге қайта оралады: дүкендер, сұлулық салондары және басқалары ашылады.

Айта кету керек, аймақта коронавируспен күресте нәтиже шығара алған ел бар. Бұл – Уругвай. Шамамен 3,5 миллион адам тұратын елде небәрі 834 адамнан коронавирус анықталған. Уругвайда жаңа вирустан болған алғашқы өлім 24 мамырда тіркелді. Жалпы, елде вирустың салдарынан 23 адам қайтыс болды.

Сарапшылардың пікірінше, карантин режимін уақтылы енгізу, вирус жұқтырған адамдарды оқшаулау, тұрғындарды тестілеу және дағдарыс орталығын құру елде жаңа вирусқа қарсы күресте шешуші рөл атқарды. Уругвай мамыр айының соңында карантиндік шектеулерді алып тастай бастады. 1 маусымда оқушылар мектепке, бизнес және экономика біртіндеп «қалыпты өмірге» оралды.


Басты сөздер: Әлем, Коронавирус,
Жоғары қарай