Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қызым Қазақ еліне бір медаль сыйласа деп армандаймын - Жанбота Алдабергенованың анасы

2022 жылдың 29 қаңтар 2022 11:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бейжіңде өтетін XXIV қысқы Олимпиада ойындарында фристайлдың акробатика түрінен ел намысын қорғайтын Жанбота Алдабергенованың анасына қоңырау шалып, қызына деген аналық тілегін тыңдап көрдік.

Гүлназ Жұмабекқызы, негізі, Жанбота Олимпиадада өнер көрсеткенге дейін ешкімге сұхбат бермеймін деп ойлап жүргенін айтты, бірақ ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап беруге келісті.

- Қызыңыз Жанбота төрткүл дүние көз тіккен төртжылдықтың басты додасына ел намысын қорғауға бара жытыр. Бұндайда аналық тілегіңізбен бөліспей қалай үнсіз қаласыз?

- Жүрегім қобалжып тұр. Бейне бір шың басынан шыңырауға қарай қызым емес, мен секіріп келе жатқандай сезімде жүрмін. Тура бір жарысқа өзім қатысатын адам сияқтымын. Осындайда ауызыма сөз де түспей қалады.

- Жанботаны спорт сүйер қауым жақсы таниды. Талай сындарлы сәттерде ел намысын абыроймен қорғап келеді. Енді өзіңізді біздің оқырмандарымызға таныстыра кетсеңіз, қайда, кім болып қызмет атқарасыз?

- Мен бір керемет тұлға емеспін. Алматы қаласының тұрғынымын. Білмеген біреулер Жанботаның ата-анасы білдей бір мекеменің басшысы не болмаса қалталы кәсіпкер деуі де мүмкін. Жоқ, жай тігіншімін. Алла берген үш ұл, үш қыз - алты баламды тәрбиелеп отырған қарапайым анамын. Жанбота - балалардың үшіншісі. Ол әкесінен айырылғалы міне, 12 жылға аяқ басып қалды. Жалғыз өзім осы балаларымды әкесінің жоқтығын білдірмей асырап отырмын. Балаларымның осы жетістігін әкелері көрмей өмірден ерте кетті.

- Спортпен тек Жанбота ғана айналыса ма, әлде бауыры, сіңлілері де спортқа барды ма?

- Өзінен кейінгі Саттар деген бір інісі де спортпен айналысып, әпкесінің жолын қуып жүр. Ол да тура Жанбота айналысып жүрген спорт түрін таңдады. Осы бірнеше күнде Алматының атынан Минск қаласына жарысқа аттанайын деп жатыр.

- Бұйырса, чемпиондар отбасы болайын деп тұрған сияқтысыз...

- Аузыңызға май, Алла сол күнге жеткізсін. Аналық жүрегіммен тілеймін. «Балаларымды қолдап, биіктерден көрсете бер» деп сәт сайын жаратушыдан сұрап отырамын.

- Қателеспесем, Бейжің - Жанботаның үшінші Олимпиадасы. Биылғы додаға аттанар алдында анасына қандай серт бергенін айтып берсеңіз...

- Иә, бұл - үшінші Олимпиадасы. Сочиде үздік ондыққа еніп, 6-орыннан көрінді. Оңтүстік Кореяда да сәл сәттілік жетіспей қалды деп ойлаймын. Енді биыл жүлдеге ілігеді деп үміттенейік. Бәрі бір Алланың қолында ғой. Спортта «бақ пен бабы қатар шапса» дейтін сөз бар ғой. Мен де сол бағы мен бабы қатар шауып, қазақтың қарадомалақ қызы еліне бір медаль сыйласа екен деп тілеп отырмын. Қызым әр жарысқа кеткенде «уайымдамаңыз анашым, бәрі жақсы болады. Бұйырса жүлдемен ораламын» деп менің көңілімді аулап, разы етіп кетеді.

- Әрине, жарыс бар жерде жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді. Жүлдесіз келген кезінде ренжіген сәттеріңіз болды ма?

- Жоқ, спорттың өзі бір үлкен әлем ғой. Онда бір күні көмбеге бұрын жетесің, бір жолы кеш жетесің. Бәрі біз ойлағандай бола бермейді ғой. Сол үшін әр жарысына, әр жетістігіне, әр сәтсіздігіне құрметпен қарауға тырысамын. Ең бастысы - үйге аман-есен оралғаны мен үшін үлкен қуаныш.

- Қызыңызға тағы бір сәлем жолдасаңыз...

- Айналайын, Жанботам! Сәттілік серік болып, жеңіс тұғырынан көрініп, қазақ еліне бір медаль сыйлап, еліңнің көк байрағын желбіретіп, әнұранымызды әуелетіп орал. Мен саған сенемін, қазақ елі саған сенеді. Барлық олимпиадашыларымызға сәттілік тілеймін! Жеңістеріміз көп болғай. Алла барлығына амандық, жеңіспен оралуға нәсіп етсін.

- Әңгімеңізге рахмет!


Автор Күнсұлтан Отарбай
Басты сөздер: Спорт, Олимпиада,
Жоғары қарай