Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылорданың Жұмыспен қамту орталығына тұрғындардың жаппай жиналуына кім жол берді

2021 жылдың 21 сәуір 2021 15:17

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қалалық Жұмыспен қамту орталығында тұрғындардың жаппай жиналуы бойынша әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбаға байланысты тиісті сала басшылары түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұмыспен қамту орталығында адамдардың көптеп жиналуына қатысты мән-жайды қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов баяндап берді.

««Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға өтінім қабылданатыны туралы алдын ала хабарландыру жарияланған болатын. Дегенмен, тұрғындар арасында оған құжат қабылдау бір күннің ішінде жүргізіледі деген жалған хабар тараған. Осының салдарынан орталық аумағында 500-ден астам адам жиналған. Орын алған қолайсыздыққа байланысты кешірім сұраймыз. Оқиғаның мән-жайы тексерілуде. Келеңсіздікке жол берген мамандар жұмысына қызметтік тексеріс жүргізіледі», - деді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға өтінім қабылдау 19-23 сәуір аралығында жүргізілетіні бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған. Оқыту 26 сәуірден 3 қазанға дейін жалғасады. Жоба шеңберінде облыста биылғы жылы 2500 адамды оқыту көзделген. Оның ішінде Қызылорда қаласы бойынша 535 адам білім алады.

«Осы мақсатта 20 сәуірден бастап барлық Жұмыспен қамту орталықтары тұрғындарды тіркеп, жолдама беруді бастаған еді. Оқуға үміткерлер жергіліктік әкімдікке, халықты жұмыспен қамту орталықтарына немесе «Atameken Servіces» кәсіпкерлердің «бірыңғай терезесі» порталы арқылы онлайн-өтінім бере алады», - деді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова.


Жоғары қарай