Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылорданың бас педагогы коронавирусқа қарсы вакцина салдырды

2021 жылдың 2 сәуір 2021 19:09

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова коронавирусқа қарсы вакцина салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде бүгінде вакцинаның екінші кезеңінде 1261 педагог екпе салдырды. Оның ішінде аудандық, қалалық білім бөлім басшылары, директорлар және педагогтар бар.

«Бұл орайда мен медицина мамандарына үлкен сенім артамын. Сондықтан бүгін өз денсаулығым үшін №3 қалалық емханада вакцина салдырдым. Дәрігерлер денсаулығымды бақылап, қан қысымымды өлшеп, дене қызуымды тексеріп барып, екпе салды.

Білім беру ұйымдарын аралап, педагогтармен қарым-қатынас орнатып, балалармен кездесетіндіктен вакцина салдыруды жөн санадым. Екпеден қорқудың қажеті жоқ деп санаймын. Өз денсаулығымыз үшін шешім қабылдап, вакцина салдыруға шақырамын», - деді басқарма басшысы.





Оның айтуынша, бізге балалардың амандығы, ұстаздардың саулығы, ата-аналардың сақтығы керек. Сол арқылы індеттен айналып өтіп, қалыпты тіршілікке оралуға әбден болады.

«Вакцинадан кейін қазір жағдайым жақсы, ешбір ауырсыну белгілерін байқамадым. Дәрігерлер үш күнге дейін денсаулығымды бақылауды ұстауға кеңес берді. Енді 21 күннен кейін вакцинаның екінші дозасын аламын», - деді А.Қасымова.

Айта кетейік, қазірге дейін Қызылорда қаласында 417 полицей коронавирусқа қарсы вакцина қабылдады.



Жоғары қарай