Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылордағы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы мәселесі қаралды

2021 жылдың 21 тамыз 2021 05:35

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қаладағы бірқатар мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын саралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымен аймақ басшысы Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінде оқу процесіне әзірлікке назар аударды. Білім ошағында 230 педагог қызмет істесе, олардың 99 пайызы коронавирусқа қарсы екпе алған. Қазір мектепте оқитын 2200-ден аса оқушының ата-анасына екпенің маңыздылығы, «Ashyq» қосымшасы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Биыл мектепте 1 сыныпқа 258 бала қабылданбақ. Олардың қауіпсіздігі үшін «бір сынып, бір кабинет» жүйесі сақталған.

«Балалар дәстүрлі форматта мектепке келіп оқиды. Сондықтан олардың карантин талаптарын нақты орындап, сақтық шараларын сақтауына көңіл бөлінуі тиіс. Оқушылар арасында түсіндірме жұмыстарын күшейту қажет. Ал, әрбір педагог балалардың денсаулығы үшін екпенің толық курсын алуы маңызды» - деді облыс әкімі.

Ал Жанәбіл Нұрманов атындағы №198 орта мектептің негізі 1966 жылы қаланған. Мұнда 2000-нан аса оқушы білім алады. Өткен оқу жылында 287 оқушы дәстүрлі форматта, қалған 1875-і білім алушы онлайн форматта оқыған. Биыл бұл мектепте 1-сыныпқа 785 бала қабылданады.

Облыс орталығындағы тағы бір іргелі білім ордасы С.Толыбеков атындағы №3 мектеп-лицейінде екі мыңнан аса бала білім алады. Ұстаздар толықтай екпе салдырған. Оқушы саны көп, сондықтан олардың үш ауысымға оқу қаупі туындап тұр. Бұған байланысты облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымоваға аталған мәселені шешу тетіктерін қарастыруды және адам шоғырын шектеу үшін жаңа оқу жылында барлық мектептерге «бір сынып – бір кабинет» жүйесін қолдануды тапсырды.

Оқудың дәстүрлі форматта өтуіне байланысты барлық мектептер «Ashyq» қосымшасына қосылған. Сонымен бірге, мектеп оқушыларының күнделікті дене қызуын өлшеніп, маскалық режимнің сақталуы, кварцтау, желдету, дезинфекциялау шараларын қатаң сақтауы тиіс.

Айта кетейік, аймақтағы 177 196 оқушының он пайызы мектеп табалдырығын алғаш аттайды. Яғни 18 мыңнан аса оқушы үшін «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулығы беріледі.

Білім ошақтарын аралаған облыс әкімі жаңа оқу жылына дайындық барысын тағы бір пысықтап, санитарлық-эпидемиологиялық шараларды толық бақылауда ұстап, қажетті қадамдарды уақытылы орындау қажет екенін атап өтті.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Қызылорда облысы, Білім,
Жоғары қарай