Ауа райы
Астана -15 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылордада жыл басынан бері 1 мыңға жуық адам мас күйінде көлік жүргізген

2020 жылдың 24 қараша 2020 13:18

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада полицейлер жыл басынан бері көлікті мас күйінде басқарған 919 адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыста «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Бұл шара қоғамдық тәртіпті сақтау мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғасын алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.

«Жыл басынан бері облыста 919 жүргізуші көлікті мас күйінде жүргізген. Ал «Қауіпсіз жол» шарасының алғашқы үш күнінде облыс бойынша көлікті мас күйінде басқарған 9 жүргізіші анықталды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, патрульдік полиция қызметкерлері Арал қаласы көшелерінің бірінде 47 жастағы аудан тұрғынының басқаруындағы «Toyota» автокөлігін тоқтатқан.

Құжат тексеру барысында ол азаматтың биыл 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айрылғаны белгілі болды. Көлік жүргізушісі рөлге қайта спирт ішімдігін ішіп отырғаны анықталды.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Онда көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы жағдайы көрсетілген.

«Айта кетерлігі, «Қауіпсіз жол» іс-шарасы барысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жергілікті полиция қызметкерлері бірқатар келеңсіздіктерді анықтады. Көлік иелері барлығы 1229 жол қозғалысы ережесін бұзуға жол берген. Ал полицейлер жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан 10 жол ережесін бұзу жағдайын тіркеді», - деп хабарлады департаменттен.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада тәркіленген 162 қару белгіленген тәртіпке сай жойылды.


Жоғары қарай