Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылордада Семей полигоны жабылуының 30 жылдығына орай конференция өтті

2021 жылдың 27 тамыз 2021 18:09

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына орай облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Семей полигонының жабылуы - тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі» тақырыбымен ұйымдастырылған конференцияда сынақ алаңының жабылуына қатысты тарихи деректер кеңінен талқыланды. Полигонда әскери борышын өтеген ардагерлер көзбен көрген оқиғасымен бөлісті.

Жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, облыстық «Қызылорда-Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәбит Әбіш пен бірлестік мүшелері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбіш және мәслихат депутаттары болды. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының ғалымдары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, облыстық этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымының жетекшілері мен белсенділері және қала және аудандардағы зиялы қауым өкілдері бейнебайланыс арқылы қатысты.




ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Шәріпбайқызы Семей ядролық полигонының жабылуы бүкіл әлемдегі ядролық сынақтарға мораторий қою жөніндегі халықаралық іс-қимылға және Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақты құруға негіз болғандығын баса айтты. Сонымен қатар, жалпы қазақстандықтарға ғана емес, бүкіл адамзат үшін маңызды оқиғаға айналған Семей полигонын жабу еліміз Тәуелсіздік алар тұста қабылданған ең маңызды шешім болды деп атап өтті.




Басқосуда облыс әкімінің орынбасары «Қазақстан - әлемде бірінші болып, ядролық қарудан бас тартқан ел. 2009 жылы Елбасымыз 29 тамызды Ядролық қарудан бас тартудың бүкіләлемдік күні деп жариялау жөнінде бастама көтеріп, Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қолдау тапты. Нәтижесінде 40 жыл бойы ажал отын шашқан қасиетті Семей өңіріндегі полигонның жабылуы - Қазақ елі үшін үлкен бақыт, әлем халқы үшін үлкен жетістік әкелді. Семей полигонын жабу және Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тарту жөніндегі тарихи шешімі қабылданған бұл күнді ұлықтау бізге парыз», - деді.

Конференция барысында баяндама жасаған Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің тарих ғылымдарының докторы Тастанбек Сәтпай тақырыпқа байланысты тың мәліметтермен бөлісті.

Конференция соңында Серік Әбжәліұлы облыстық «Қызылорда-Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәбит Әбішке облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың «Алғыс хатын» табыстады.








Жоғары қарай