Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қызылордада полицейді балағаттаған тұрғынға қылмыстық іс қозғалды

2020 жылдың 15 сәуір 2020 19:40

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында төтенше жағдай талабын бұзған тұрғынға полиция қызметкерін балағаттағаны үшін қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған азамат Қызылорда қалалық полиция басқармасының ғимаратында дөрекілік көрсеткен. Полиция қызметкерінің ескертуін елемеген. Оған тіл тигізіп, балағат сөз айтқан.

«Бүгінгі таңда аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы бойынша (Билік өкілін қорлау) сотқа дейінгі тергеп – тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады немесе түзеу жұмыстарына, жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы да тағайындалуы мүмкін», - деді Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов.

Төтенше жағдай режимі жарияланғаннан бастап облыс бойынша төтенше жағдай режимін бұзған 527 дерек анықталды. Олардың 149-ы көліктердің қозғалысына тыйым салу, 84-і еш себепсіз тұрғын үйден тыс жерде жүру, 67-і дүкендер бойынша, 49-ы дәмхана-мейрамханалардың қаулы талаптарын орындамауы бойынша орын алған. Олардың бірқатарына айыппұл салынып, кейбірі әкімшілік қамаққа алынды. Тағы 13 адамға ескерту жасалды.

Бүгінгі таңда Қызылорда облысында коронавирус инфекциясы қойылған 127 адам бар.


Жоғары қарай