Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылордада коронавирусқа қарсы вакцина талапқа сай сақталуда

2021 жылдың 25 ақпан 2021 06:10

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында коронавирусқа қарсы вакцина талапқа сай сақталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірге 1 ақпаннан бастап Ресейде өндірілген «Спутник-V» вакцинасының 1000 дозасы жеткізілді.

Алғашқы кезеңде вакцина 939 медицина қызметкеріне, қалғаны жергілікті тұрғындарға егілді. Бұл кезең 1-17 ақпан аралығында жүргізілді.

Ал келесі кезеңнің басталуы үшін науқас екпе алғаннан кейін арада 21 күн өтуі қажет. Осыған орай облыста екпе егудің екінші кезеңі 22 ақпаннан басталды.

Облыста жеткізілген вакциналарды сақтау мәселесіне баса назар аударылып отыр.

Облыс орталығындағы №6 қалалық емхананың аумағында орналасқан қоймада коронавирусқа қарсы және өзге де вакциналар сақталады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазиловтың айтуынша, өңірге аталған қажеттілікті «СК-Фармация» мекемесі жүзеге асырады.

Вакцина алдымен әуе тасымалымен Шымкент қаласындағы қоймаға жеткізіледі.

Одан бергі аралықта арнайы авторефрижератор арқылы Қызылорда қаласына келеді.

«Мұнда облыстық орталықтандырылған қоймада сақталады. Қоймада арнайы дайындалған 12 мұздатқыш бар. Олар - медицинада пайдалануға болатын, валидациядан өткен құрылғылар. Температуралық режим міндетті түрде бақыланып тұрады. Вакцинаны қалалық емханаларға тасымалдау үшін арнайы термоконтейнерлер сатып алынған», - деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, облыстық орталықтандырылған вакцина қоймасында 3 тоңазытқыш камера бар.

Камераларда температураны бақылайтын термометрлер орналасқан.

«Мамандар талапқа сәйкес температураны екі мезгіл бақылап отырады. Тоңазытқыштардың барлығы автоматтандарылған түрде генераторға қосылған. Жарық сөніп қалған жағдайда да жұмысын жалғастыра алады», - деді облыстық санитриялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Айта кетелік, Қызылордада коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші дозасын егу басталды.


Жоғары қарай