Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылордада «Қолөнер - асыл қазына» көрме-фестивалі өтті

2021 жылдың 30 қыркүйек 2021 17:53

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада «Қолөнер - асыл қазына» көрме-фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған «Қолөнер - асыл қазына» көрме-фестивалінің ашылу рәсіміне қатысты.

Облыс орталығындағы теміржол саябағында ұйымдастырылған мәдени шараға Қызылорда қаласы мен аудандардан келген шеберлер жиналды.

Қолөнер шеберлері көрермендердің назарына ерекше туындыларын ұсынды.

Іс-шарада түрлі кәдесый өнімдері, ағаш бұйымдары, киіз үй жабдықтары, түкті кілемдер, құрақ көрпелер мен ұлттық аспаптар көрсетіліп, ұсталардың шеберлік сыныптары өткізілді.

Аймақ басшысы көрме-фестивальге қатысушыларды құттықтап, Сыр елі ежелден тарихи-мәдени мұралар мен көне жәдігерлерге бай өңір екенін атап өтті.




«Біз қолөнерімізді дамыту арқылы ұлттық рухымызды көтереміз, ұлттық кодымызды сақтаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жастарымыздың қолөнер және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысу мақсатында «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтіруді тапсырған болатын. Биыл өңірде 62 балалар үйірмесі ашылып, оның ішінде 6-ы қолөнерге баулып келеді. Алдағы уақытта бұл балалар да сіздер секілді Сыр өңірінің киелі өнерін дәріптейтін болады», - деді облыс әкімі.

Шара барысында бірқатар қолөнер шеберлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Олардың қатарында қызылордалық «Qoloner» кәдесый дүкенінің иесі Аида Керімқұлова, ұлттық бұйымдар авторы Қарлығаш Ілиясова, аралдық ағаш бұйымдар ұстасы Алнұр Жарқынбаев, қазалылық шебер Динара Сыздықова бар.

Сондай-ақ, мұндай құрметке қармақшылық тігін өнер шебері Бақытгүл Райымбаева, жалағаштық ұлттық бұйым жасаушы Жылбек Қуаныш, сырдариялық түкті кілем тоқушы Роза Әлибатырова, шиелілік киіз үй жабдықтарын жасаушы Майя Қалжанова және жаңақорғандық ұлттық аспаптар шығарушы Оспанхан Мұсаев ие болды.

Айта кетейік, қызылордалық қолөнершілердің бұйымдары республикалық және халықаралық деңгейдегі көрме, фестивальдерде көрсетіліп жүр.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада атом саласының үздіктері марапатталған еді.


Жоғары қарай