Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 448.52
EUR 490.32
RUB 5.69
CNY 63.23

Қызылордада есірткі тасымалдаған адам қолға түсті

2020 жылдың 22 қаңтар 2020 23:55

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданында есірткі тасымалдаған 36 жастағы тұрғын қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жергілікті патрульдік полиция қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шара жүргізген болатын. Іс-шара барысында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» тас жолында Арал ауданы тұсында күдік тудырған жеңіл автокөлік тоқтатылды.

«Автокөліктің артқы салонынан ерекше иісі бар шөп салынған 2 дана полиэтилен пакеті және газетке оралған ерекше иісі бар шөпке ұқсас зат алынды. Сараптама қорытындысы бойынша ол кептірілген марихуана екендігі анықталды. Автокөлік жүргізушісі Арал ауданының 36 жастағы тұрғыны болып шықты. Бүгінгі күні күдікті Арал ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Онда есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу жағдайы көрсетілген», деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын Қызылордада жеңіл автокөліктен 16 келі марихуана табылды.



Жоғары қарай