Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Қызылордада 4 адамның өмірін қиған жол апатының алғашқы деректері белгілі болды

2018 жылдың 2 қазан 2018 17:43

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада 4 адамның өмірін қиып кеткен жол апатына қатысты жаңа деректер пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бұған де йін Қызылордада жүк көлігі мен жеңіл көліктің соқтығысқаны туралы хабарлағанбыз. Оқиға 1 қазан күні сағат 18-00-дер шамасында Сұлтан Бейбарыс көшесі мен әуежай трассасы қиылысында болған. Оның салдарынан 4 адамның өмірі қиылды.

«Оқиға барысына тоқталатын болсақ, «ВАЗ-2115» автокөлігі әуежай бағытымен келе жатып Сұлтан Бейбарыс көшесі мен әуежай трассасы аумағында «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тасжолынан Қызылордаға қарай бет түзеп келе жатқан «SNACMAN» жүк көлігі және «Опел-Вектра» автокөліктерімен соқтығысқан. Оқиғаның салдарынан «ВАЗ-2115» көлігінің жүргізушісі мен ондағы екі жолаушы сол жерде қайтыс болған. Осы автокөлікте келе жатқан тағы екі жолаушы облыстық медицина орталығына жеткізіліп, біреуі сол медициналық мекемеде көз жұмды. Ал «Опел-Вектра» автокөлігіндегі 4 жолаушы облыстық медицина орталығының қабылдау бөлімінде дәрігерлер қарауында болып, көп ұзамай үйлеріне қайтарылды», - деді Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Ибраев.

Қайтыс болған адамдардың 3-уі ер азамат болса, 1-уі әйел. Олар жергілікті әскери бөлімде қызмет етеді.

«Қайтыс болған адамдар 25-30 жастағы азаматтар. Қалған деректер тергеу барысында анықталатын болады», - деді облыстық ішкі істер департаменті анықтау басқармасының бастығы Әміржан Өтегенов.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, жол апаты болған Сұлтан Бейбарыс көшесі мен әуежай трассасы қиылысы қауіпті аймақ қатарына саналмайды. Бұған дейін бұл маңда мұндай оқиғалар орын алмаған. Бүгінде қиылысқа бағдаршам орнату мәселесі таразыланып жатыр. Ол үшін полиция қызметкерлері мен қаланың жауапты сала мамандарының ортақ шешімі болуы тиіс.

Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның басқа да мән-жайы анықталуда.

Жоғары қарай