Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылорда облысындағы Тұран елді мекені «көгілдір отынға» қосылды

2021 жылдың 3 желтоқсан 2021 21:20

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Тұран елді мекені «көгілдір отынға» қосылды. Осылайша көгілдір отын пайдалану мүмкіндігіне ие болған тұрғындар 65 пайызға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бүгін Шиелі ауданындағы «көгілдір отынға» қосылған Тұран ауылы тұрғындары қуанышына ортақтасты.

«Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында Шеген Қодаманов елді мекенінде газ құбыры және кварталішілік газ тарату желісі жүргізілді. Ол «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырына қосылған.

«Баршаңызды Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерекесімен тұстас келген серпінді жобаның бірі - Тұран ауылдық округінің газға қосылуымен құттықтаймын.




Жыл сайын халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында тұрғындардың жайлы тұрмыс кешуіне ең қажетті ауыз су, газ тарту, жол салу секілді мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда.

Бүгінгі игілікті іс бойынша бас мердігер компания «Строй Газ Компани» мекемесі құрылыс жұмыстарын жүргізді. Осыған орай оларға барша ауыл тұрғындар атынан және алғыс айтамын», - деді облыс әкімі.

Қазіргі таңда ауданда Шиелі кенті мен Байтерек, Жаңатұрмыс, Бидайкөл, Керделі ауылдық округтері газға қосылған. Жыл басынан бері облыста Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек кенттері секілді аудан орталықтарына, Шиелі ауданындағы Бекежанов және Қодаманов ауылдарына «көгілдір отын» берілді. Енді жыл соңына дейін Қазалы қаласын газға қосылмақ. Қазірге дейін облыстағы барлық аудан орталығы мен Қызылорда қаласына газ толық тартылды. Нәтижесінде облыс тұрғындарының 65 пайызы көгілдір отын пайдалану мүмкіндігіне ие болған.




Өңір басшысы Шиелі ауданына жұмыс сапары аясында Ақмая шаруа қожалығына барды. Ауылда монша күрделі жөндеуден өткізіліп, шаруа қожалығы демеушілігімен тұрғын үй салынған. Шаруа қожалығының басшысы Дәулет Жұмбеков қожалықта жұмыс істейтін көпбалалы 2 отбасыға баспана салу үшін осындай игілікті істі қолға алған.

Әрі қарай облыс әкімі Керделі ауылдық округінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған спорт сауықтыру кешенін ашты.

Аймақ басшысы игі бастаманы қолдап, нысанның бой көтеруіне ықпал жасаған кәсіпкер, Шиелі ауданының құрметті азаматы Бағлан Әшірбековке ризашылығын білдірді.

«Соңғы 5 жылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ауданда Ақмая, Алғабас, Бестам, Тұран ауылдық округтерінде спорт кешені пайдалануға берілді. Енді олардың қатарына тағы біреуі қоысылып отыр. Спорт кешенінде шыңдалған өрендер келешекте толайым табыстарға кенеледі деген үміттеміз», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.







Спорт кешенінде күрес, таэквандо, баскетбол және ауыр атлетикадан үйірмелер ашылып, 11 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.

Мұнан соң, өңір басшысы Шиелі кентіндегі аудандық жастар үйі мен И.Әбдікәрімов көшесі бойына салынып жатқан аллеяны көрді. Аудандық «Жастар ресурстық» орталығының директоры Ержан Әбдешов шиелілік жастардың бастамасымен іске асып жатқан жобаларға тоқталды. Орталықта кітапхана, конференц зал, коворкинг, өнерлі жастарға арналған арнайы орын бар. Сонымен қатар, патриоттық тәрбие беру және жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының одан әрі жалғасатынын және жобаларды уақытында тапсыру керектігін қаперге салды.

Еске салсақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Жаңақорғанда бірқатар әлеуметтік нысандар ашылды.

Жоғары қарай