Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылорда облысында жыл басынан бері 815 санитарлық тексеру жүргізілген

2021 жылдың 12 қазан 2021 21:38

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында санитариялық-эпидемиологиялық жағдай барысы таразыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыс бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің басшыларымен жүздесуінде бұл бағытта атқарылған жұмыстар барысы сараланды.

Облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Ғалия Байменованың айтуынша, биылғы жылдың 9 айында медициналық қызмет пен фармацевтикалық нысандарға жоспардан тыс 131, жоспар бойынша 28 тексеріс ұйымдастырылған. Нәтижесінде түрлі дәрежедегі 56 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оларға жалпы көлемі 3,5 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Өңірде дәрі-дәрмек қорында тапшылық жоқ. «СК-Фармация» ЖШС дәрілік қоймасында ковидке қарсы 3,69 миллион теңгенің дәрі қоры сақталған.

Өңір басшысы шалғай елді мекендегі дәріханаларда препараттардың қорын тексеріп, қажеттілікке қарай сараптама жүргізу қажеттігін еске салды.

«Көршілес елдерде эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты нақты іс-шаралар жоспары бекітілуі тиіс. Шалғай ауылдар мен аудандарда дәрі тапшылығының алдын алуымыз керек», - деді облыс әкімі.

Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенованың айтуынша, жыл басынан бері карантин талабының сақталуына байланысты департамент тарапынан жоспардан тыс 815 тексеру жүргізіліп, 323 заң бұзушылық анықталып, қорытындысымен жалпы сомасы 37 180 457 теңгені құрайтын айыппұл салынды. Мекеме білім беру ұйымдарына да тексеріс жұмыстарын жүргізген.

Кездесуде облыс әкіміне коронавируспен күрес амалдары, вакцинациялау қарқыны және тұмау мен туберкулезге қарсы екпе жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру мәселесі қаралды.

Еске салсақ, Қызылордада екпе қабылдауға қабілетті азаматтардың 72 пайызы вакцина салдырды.



Жоғары қарай