Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылорда мен Францияның Ножан-сюр-Марн қалалары арасында бауырластық байланыстар орнатылады

2021 жылдың 30 қыркүйек 2021 21:12

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда және Францияның Ножан-сюр-Марн қалалары арасында бауырластық байланыстар орнатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жаңалық облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың Франция Республикасының Ұлттық қорғаныс жөніндегі жоғары зерттеу институты делегациясымен кездесуінде айтылды. Жүздесуге Францияның Қазақстандағы Елшісі Дидье Канесс, Францияның Ұлттық қорғаныс жөніндегі жоғары зерттеу институтының қару-жарақ бойынша Бас инженері Флоранс Плессис, Францияның Алматыдағы Бас консулы Алекс Шахтахтински, Франция елшілігі мен қорғаныс саласының қызметкерлері келді.




Аймақ басшысы екі ел арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастардың жалғасатынына сенім білдіріп, делегация сапарына сәттілік тіледі.

«Франция - еліміздің тәуелсіздігін мойындаған алғашқы еуропалық мемлекет . Биыл екі ел арасындағы ашық және сенімді дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 29 жыл толып отыр. Франция басшылығы осы өңірден шыққан жерлесіміз, Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайға ерекше құрмет білдіріп келеді. Қазақ халқының біртуар перзенті Мұстафа Шоқай аталған мемлекетті өзінің екінші отаны деп бағалады. Қазір сол елде оның құрметіне саябақ және Ножан-сюр-Марн қаласында мүсіні қойылғанын жұртшылық жақсы біледі», - деді облыс әкімі.




Айта кетейік, осы жылдың тамыз айында Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен екі жақты қарым-қатынас пен ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Қызылорда қаласы әкімдігі мен Ножан-сюр-Марн қаласының мэриясы арасында бауырластық байланыстар туралы келісімге онлайн режимде қол қойылды.

Жүздесу барысында франциялық делегация құрамынан Дидье Канесс және Флоранс Плессис аймақ басшысына қонақжайлылық танытып, жылы қабылдағаны үшін алғыс білдірді.

Сыр өңіріне екі күндік сапары барысында енді делегация өкілдері Байқоңыр қаласына барады. Онда ғарыш алаңының тарихы және Ю. Гагарин мемориалдық музейлері, бақылау алаңының жұмысымен танысады.

Еске салсақ, бұдан бұрын Гүлшара Әбдіқалықова ауған соғысы ардагерлерімен кездескен болатын.


Жоғары қарай