Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылорда қаласына қарасты ауылдарда бірқатар әлеуметтік мәселелер шешілді

2020 жылдың 19 қыркүйек 2020 15:51

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласына қарасты ауылдық округтерде «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында игілікті істер атқарылып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығына іргелес жатқан Ақсуат ауылдық округінде аталған бағдарлама аясында бірқатар маңызды жобалар қолдау тапқан. Солардың бірі - №143 орта мектепті күрделі жөндеу жұмыстары. Білім ошағының ғимараты 1982 жылы салынған. Қырық жылға жуық уақыттан кейін мектеп ғимаратын жаңғырту шарасына мән берілді. Бүгінде құрылыс толығымен аяқталды.

Биыл округтегі 16 көше орташа жөндеуден өтті. Олардың 7-не асфальт салынып, қалғанына қиыршық тас төселеді. Үнемделген қаржы есебінен жыл соңына дейін тағы 5 көшеге орташа жөндеу жүргізілмек. Бұл жұмыстарға ауылдың 40 азаматы еңбекпен қамтылған. Ауылда бағдаршам, жарық бағаналары орнатылып, жаяу жүргіншілер жолдарына қажетті құрылыс заттары тиімді пайдаланылды. Орталық көшелерге брусчаткалар мен бордюрлар қойылып, жаяу жүргіншілер жолы салынған.

Ал Ақжарма ауылдық округінде биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарлама аясында «Облыстық наркология орталығына» қарасты медициналық бөлімше жаңғыртылуда. Бөлімше ғимараты 1983 жылы салынған. Жөндеу жұмыстарын «Болашақ Интернэйшн Девелопмент» ЖШС атқаруда. Қазір қайта жаңғырту 60 пайызға орындалған. Мердігер компания жөндеуді желтоқсан айына дейін толығымен аяқтауды межелеп отыр.

Ауылдық округке қарасты Талдыарал елдімекенінде жол мәселесі толығымен шешілген. Биыл ауылда ауыз су мен кәріз құбырлары да толығымен жаңартылды. Ал 900-ге тарта тұрғыны бар Талдыаралда жаңадан қоныстанушыларға жер беру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазір 200-ден аса жер телімі ашылып, қиыршық тас төселіп, ауыз су құбыры тартылған. Ендігі кезекте жарық жүйесін жеткізу мәселесі тұр.





Сондай-ақ, Қызылордада «Дәрігерлер аллеясы» ашылады https://www.inform.kz/kz/kyzylordada-darigerler-alleyasy-ashylady_a3695146.


Жоғары қарай