Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қызылорда әкімі қаладағы бірқатар нысанды аралады

2020 жылдың 11 шілде 2020 22:43

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мен індеттің алдын алу шараларын саралау мақсатында бірқатар нысанды аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала басшысы алдымен, індетпен тынымсыз күресіп, оқшаулау орталықтарында жатқан медицина саласының қызметкерлерімен кездесті.

Халықтың амандығы үшін күрделі жұмыс жасап жатқан дәрігерлермен тілдескен шаһар басшысы қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді.

«Біз үшін әрбір адамның амандығы - өмірі қымбат. Сіздердің ерен еңбектеріңіз шексіз. Барлық жағдайларыңызды жасаймыз. Менің орынбасарларым, бөлім басшылары мән-жайды қадағалап, қажеттіліктерді жеткізеді», - деді ол.





Қала әкімдігі тарапынан медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қолайлы жағдай жасау жолға қойылған. Мәселен, дәрігерлерді орналастыру үшін «Сырдария» лагерінен 100 орын дайындалса, «Bella Vista» кешені де өз ғимаратын пайдалануға ұсынды. Бұдан бөлек, «Қызылорда» қонақүйі басшылығы қалалық аурухана қызметкерлері үшін 120 орын бөлген.

Дәрігерлерді тасымалдау қызметіне қала әкімдігі тарапынан арнайы автокөліктер қарастырылған. Елдегі ахуал тұрақталғанша бұл көліктер медицина қызметкерлеріне, денсаулық сақтау саласына қызмет көрсететін болады.

Мұнан соң шаһар басшысы жұқпалы аурулар емханасының мамандары оқшауланған «Сырдария» тынығу лагеріне барды.

Кездесу барысында лагердегі дәрігерлердің жай-күйін біле отырып, кадр тапшылығы болдырмау мақсатында үйде отырған дәрігерлермен медицина мамандығының соңғы курсында оқып жүрген мықты студенттерді жұмысқа тартуды тапсырды. Қосымша штат ашуға қаржылай мүмкіндік болмаса, белсенді кәсіпкерлер арқылы жалақы жағын шешіп беретіндігін жеткізді.





Н.Нәлібаев дәріханаларды аралау барысында тұрғындармен тілдесіп, халыққа қажетті фармацефтика өнімдерінің қоры жақын күндері толықтай шешімін табатынын жеткізді.

Жалпы, дәрі тапшылығы Қызылорда өңірінде ғана емес, барлық өңірлерде байқалуда. Дегенмен, дәріханалар алдағы күнде дәрімен толығымен қамтамасыз етілмек. Қала әкімі дәрі-дәрмектің бағасы негізсіз қымбаттамауын, сондай-ақ халыққа жеткілікті болуы тікелей мемлекет басшысының бақылауында екенін жеткізе отырып, ұзын сонар кезекті болдырмау мақсатында дәріханалардың сыртында бар дәрілердің тізімімен, сатылымда жоқ дәрілік препараттардың қай уақытта болатынын жазып, көрсетіп қоюды тапсырса, мүмкіндігі шектеулі жандарға, зейнеткерлер мен бала күтіміндегі ата-аналарға дәрі-дәрмекті адресті жеткізу жұмыстарына волонтерларды жұмылдыруды сала басшыларына жүктеді.





Қызылорда әкімі аралаған келесі нысан - «Квант» механикалық зауыты. Бұл өндіріс орны қала ауруханаларын күніне 200 оттегі баллонымен қамтамасыз етуде. Өндірістің қуаттылығын арттыру мақсатында Байқоңыр қаласындағы кислород-азот зауытынан дайын оттегіні алдыруға ықпал жасауын сұраған мекеме басшысына қала әкімі толық қолдау білдіретіндігін жеткізді.

Айта кету керек, оттегі баллондарын тасымалдау қызметі аймағымыздағы кәсіпкерлердің және ерікті азаматтар мен қоғам белсенділерінің көмегімен жүзеге асуда.

Қажеттілікті өтеу мақсатында оттегімен емханаларды қамтамасыз етіп отырған кәсіпорынның тағы бірі «Шыңғыс ЛТД» ЖШС. Серіктестік медициналық мекемелерге күніне 300-400 оттегі баллонын жеткізуде.

«Шыңғыс ЛТД» ЖШС директоры қала басшысына аудандарға оттегі баллонын жеткізуді қолға алу үшін транспорт мәселесі жетіспей тұрғанын жеткізді. Қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы ешқандай мәселесіз транспортты сол мезетте шешіп берді.





«Қысылтаяң уақытта қол қусырып қарап отырмай, елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген барша белсенді азаматтарға үндеу жасадық. Белсенді жандар бізді қолдап, игі іске ұйыса кетті. Қиын кезде елге көмектесіп жатқан кәсіпкерлерге облыс басшысының, аймақ тұрғындарының атынан алғысымды білдіремін», - деп қала әкімі ризашылығын білдірді.





Жоғары қарай