Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қырымбек Көшербаев: «Болашақ» еліміздің адами капиталын дамытудағы серпінді жоба

2020 жылдың 30 қазан 2020 11:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қалыптасқан жұмыс кестесіне сәйкес, біз комиссияның кезекті отырысына жиналып отырмыз. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен қабылдаған «Болашақ« бағдарламасы еліміздің адами капиталын дамыту саласындағы серпінді жоба болып саналады. Шетелдегі рейтингі жоғары білім беру мекемелерінде білім алу көптеген қазақстандыққа өздерінің кәсіби құзіреттері мен біліктілігін арттыруға айрықша мүмкіндік беретіндігі сөзсіз. Бүгінгі отырыстың күн тәртібінде 2 мәселе қаралады. Бірінші - конкурстық іріктеуден өткен үміткерлерге «Болашақ« халықаралық стипендиясын тағайындау туралы, екінші - «Болашақ« халықаралық стипендиясының жекелеген иелерін одан айыру туралы», - деді отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы.

Келесі кезекте сөз алған ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ел Үкіметінің 2020 жылдың 6 мамырындағы 271 қаулысымен бекітілген «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау бойынша іріктеудің жаңа қағидаларына сәйкес, стипендия тағайындауға құжаттарды қабылдау мен конкурстық іріктеу 27 шілдеден бастап 30 қарашаға дейін өтетіндігі жарияланғанын еске салды.

«Біз алғаш рет конкурстық іріктеудегі кешенді тетілеу мен тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен сұхбаттасу президенттік жастар кадрларына іріктеу үлгісі бойынша толықтай автоматтандырылды. Конкурстық іріктеудің алғашқы легінің қорытындысы бойынша Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның 2020 жылғы 6 қыркүйектегі шешімімен 160 стипендия тағайындалған болатын. Енді қазіргі уақытта екінші легін дайындап қойдық. Конкурстық іріктеудің екінші кезеңі 26 қыркүйектен бастап 7 қазан аралығында өтті. Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен сұхбаттасу қорытындысы бойынша 55 үміткер стипендия тағайындауға ұсынылып, 4 үміткер ұсынылмады. Бұған қоса, стипендияға ұсынылмаған үміткерлердің арасында сұхбаттасу нәтижесі орташа есеппен 3 балдан жоғары алған 2 үміткер бар. Алайда, тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерінің дауыс беруі бойынша оларға стипендия ұсынылмаған. Бірақ, заңнамаға сәйкес, осы екі үміткер бойынша соңғы шешімді комиссия анықтайды. Сондықтан осы мәселені бөлек қарастырып, 2 үміткерге стипендия тағайындауды ұсынамын», - деді Асхат Аймағамбетов.


Жоғары қарай