Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 33 °С
валюта бағамы
USD 413.12
EUR 452.86
RUB 5.82
CNY 57.92

Қырғызстан мен Жамбыл облысы вегетация кезеңінде су тапшылығы болмас үшін келісімге келді

2020 жылдың 31 наурыз 2020 16:27

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Бердібек Сапарбаев Қырғызстан Премьер-Министрімен кездесіп, Жамбыл облысын суармалы сумен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

30 наурызда Бішкекте Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Мұхаммед Әбілғазиевпен кездесті.

Қазақстан тарапынан келіссөзге экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов және Төтенше және Өкілетті Елші Қайрат Нұрпейісов, Қырғызстанның су ресурстары жөніндегі мемлекеттік агенттіктің директоры Көкімбек Таштаналиев және Ұлттық Энергохолдинг басқармасының төрағасы Айтмамат Назаров қатысты.

Кездесу барысында Бердібек Сапарбаев жан-жақты экономикалық кооперацияның, транзиттік-көлік, су-энергетика және инвестициялық салалардағы мәселелерді бірлесіп шешудің маңызын атап өтті. Ол Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы кластерін дамыту Қырғызстанның келетін Шу мен Талас өзендерінің суына байланысты екенін және Қазақстан бұл мәселеде қолдау күтетінін жеткізді.

Сондай-ақ, кездесуде Күркіреу өзенінің мемлекетаралық су пайдалану нысандарының тізіміне енбеген үш каналының мәселелеріне көңіл бөлінді. 15 жыл бойы осы өзеннің бұл арналары арқылы Қазақстанға су түспеген.

Кездесу қорытындысы бойынша, Қырғыз тарапы бекітілген кесте мен жоспарға сәйкес, вегетациялық кезеңде Жамбыл облысына суармалы судың жеткілікті көлемін түсіру үшін көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.

Қырғызстанның Премьер-Министрі Мұхаммедқали Әбілғазиев қаралған мәселелерді шешу, оның ішінде су жеткізу кестесін сақтау, Күркіреу өзенін Мемлекетаралық су пайдалану нысандарының тізіміне енгізу жөнінде жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді.





Жоғары қарай