Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Құтқарушы Шыңғыс Смағұлов: Біздің жұмыс қателікті кешірмейді

2021 жылдың 19 қазан 2021 19:09

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Адам жанын ажалдан арашалап, айтып келмейтін алуан түрлі апатпен күресу – құтқарушылардың міндеті. Өзгелерді құтқарамын деп өз өмірін қатерге тігетін оларға ел ризашылығы ерекше. Соның бірі – суицид жасамақ болған әйелді аман алып қалған Шыңғыс Смағұлов. ҚазАқпарат тілшісі 19 қазан – Құтқарушылар күніне орай Өскемендегі мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейтін бейбіт күннің батырымен сұхбат құрды.

- Қай жерде дүниеге келдіңіз?

- 1995 жылы Шығыс Қазақстан облысы бұрынғы Марқакөл ауданында тудым. Мектепте 9 сыныпты тәмәмдағаннан кейін Өскемендегі Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжіне информатика-математика пәндерінің мұғалімі оқуына түстім. Сол жерде 4 жыл білім алдық. Содан кейін осы жұмысқа келдім.




- Мұғалімдіктің оқуын бітіріп, қалайша құтқарушы болып кеттіңіз?

- Өзімді педагог ретінде елестете алмадым. Колледжді тәмәмдаған соң әскерге барып Отан алдындағы борышымды өтегім келді. Алайда үйде жалғыз бала болғандықтан ол ойым іске аспады.

Бірде таныстарымның бірі «өрт сөндіру бөліміне әскери билетсіз жұмысқа алып жатыр» деді. Бұл 2016 жылдың мамыр айы. Мүмкіндікті қалт жібермей, құжаттарымды жинап, медициналық тексеруден өткен соң Өскемендегі мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне жұмысқа қабылдандым.

Бірақ алғашқы 6 ай жүргізуші болдым. Содан кейін барып қана құтқарушылар қатарын толықтырдым. Жұмыс істеп жүріп, Ресейдегі Омск шаһарындағы университеттен «Өрт қауіпсіздігі» мамандығын сырттай бітірдім.

Қазір аталған бөлімде өрт сөндіруші-құтқарушы болып еңбек етіп келемін.




- Ең бірінші шақыртуға барғаныңыз есіңізде ме?

- Қыс кезінде Ұлан ауданындағы ауылда бала ауырып, оған жәдел жәрдем қызметкерлері жете алмай жатқан еді. Жол-талғамайтын көлікпен жолға шықтық.

Бірақ қарлы боранның салдарынан көліктен шығып, бірнеше шақырым жаяу жүгіріп баруға тура келді. Әйтеуір, баланы медициналық мекемеге аман-есен жеткіздік.

- Алғашқы айларда жұмыс ауыр болған шығар?

- Маған қиын болған жоқ. Себебі жүргізуші болып жүргенде үнемі құтқарушылыққа ауысқым келіп, тағат таппайтын едім. Сол мақсатыма жеткеннен кейін бе көп ауыртпалық сезінбедім.

Әлбетте, ең әуелі жараланған адамды, мәйітті көргенде тітіркенесің. Алайда уақыт өткен сайын оған да етің үйреніп кетеді екен.







- Суицид жасамақ болған әйелді құтқарып қалғаныңызды естідік. Сол жайлы айтып берсеңіз.

- Биылғы жаз кезі. Кезекшілікте болған едім. Таңғы сағат 4 шамасында бір әйелдің суицид жасағалы жатқаны жайлы хабар түсті. 3 минуттың ішінде оқиға орнына келіп жеттік. Жасы 30-дан асқан азаматша үшінші қабаттан секірейін деп тұр.

Ойлануға уақыт жоқ. Бірден әрекетке көштік. 4-ші қабаттағы пәтердің есігін қағып, балкон арқылы төменге түсу керектігін түсіндірдік. Содан кейін үстіме арнайы жабдықтарды киіп, арқанды торға байладым.

Ақырындап төменге қарай беттеп, әлгі әйелге қарай жақындадым. Балконның сырт жағына шығып алған ол әрең ұстанып тұр. Кез келген сәтте сырғып кетуі мүмкін еді. Үйдің асты қара жер емес, асфальт.

Оның үстіне мас екендігі байқалды. «Құлайсың! Маған ұстанып ал!» деп айқайладым. Құлақ аспайды. Оған сақтандыру белбеуін дұрыс тағып та үлгермедім, қапсыра құшақтап алдым.

Сөйтіп, баяулап арқанмен төменге түстік. Ары қарай әйел адам полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Кейін естуімше, ол отбасындағы кикілжіңге бола осындай теріс қадамға бармақ болыпты.

- Сөндірген ең ірі өртіңіз қандай?

- Осыдан 3 жыл бұрын Аягөз ауданында дала өрті шықты. Қателеспесем, қызыл жалын 70 гектардай аумаққа жайылды. Сол кезде 7 күн бойы өртпен күрестік. Екпінді желдің салдарынан отты өшіру оңайға соқпады.

Түнгі сағат 2-ден 4-ке дейін ғана кезекпен ұйықтап отырдық. Әйтеуір тілсіз жауды жақын маңдағы ауылға дейін жеткізбей ауыздықтадық.

- Құтқарушы болғысы келген адамның бойында қандай қабілет болуы керек?

- Менің ойымша, осы жолды таңдаған адам ең бірінші мойнына жүктелген жауапкершілікті түсіну керек. Себебі біздің жұмыс қателікті кешірмейді. Сенің қолыңда адам өмірі тұр. Биіктікте арқанмен ілініп тұрғанда сақтық шараларын сақтамасаң немесе бір қателік жіберсең қас қағымда құлап кетуің мүмкін. Қандай жағдай болмасын әр қадамың қауіп пен қатерге толы. Сондықтан тек жауапкершілігі мол, үрейді жеңе білетін және сын сағатта батыл әрекет ете алатын адам ғана құтқарушы бола алады.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Жоғары қарай