Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Курсанттар граната ұстаған күдіктілерді қолға түсірді

2020 жылдың 15 сәуір 2020 17:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Төтенше жағдай режимін және карантиндік шараларды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау кезінде әскери қызметшілер батылдық пен өжеттік, тапқырлық пен қарапайым адамгершілік қажет болатын əртүрлі оқыс жағдайларға тап болады, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.

Мұндай жағдайға жақында Алматы қаласында патрульдеуге қатысатын Радиоэлектроника және байланыс əскери-инженерлік институтының курсанттары тап болды. Олар Төле би-Саин көшесінен гранатасы бар ер адамды ұстады.

Курсанттардың айтуынша, оларға бір жігіт келіп екі адамды көргенін, олардың бірінің қолында жарылғыш гранатаға ұқсас зат болғанын айтқан. Әскери қызметшілер аталған адамдарды құрықтауға тырысқанымен, олар қаша жөнелген. Оларды курсанттар қуып жүріп қолға түсірген.

«Олардың бірінің қалтасында бір зат болды. Кенеттен ол əлгі затты алып, жерге лақтырды. Мен гранатаның корпусын байқадым», – дейді курсанттардың бірі Ерсұлтан Болат.

Ұсталған адамдар полицияға тапсырылып, граната алынып, сараптамаға жіберілді. Кейін анықталғандай, олардың біреуі бұрын ұрлық және тонау əрекеттері үшін сотты болған. Жарылғыш зат қайдан алынып, сондай-ақ не мақсатта пайдаланбақ болғанын құқық қорғау органдары анықтайды.

Сондай-ақ, Құрлық әскерлері əскери институтының 4-курс курсанты Мейрамбек Найсекенов Алматы қаласы мен облыс шекарасындағы көпірден өзенге секіріп, өзіне қол жұмсамақ болған әйелді құтқарды. Қараңғыда көпірдің артында тұрған әйелдің бейнесін көрген Мейрамбек оған көмекке жүгірген. Ол бірден қолынан ұстап алып, оны көпірдің сүйенішінен алып, қауіпсіз жерге алып барған.





Болған оқиға туралы әскери қызметші рация бойынша блокпост басшылығына баяндап, полиция келгенге дейін әйелге психологиялық қолдау көрсетуге тырысқан. Белгілі болғандай, ол өзінің жігітімен айырылысуына байланысты осындай қадамға барған. Құқық қорғау органдарының өкілдері курсанттың батыл әрекеттерінің арқасында әйел тірі қалғанын атап өтті. Мейрамбекке осы əрекеті үшін алғыс жарияланды.

Ақтөбеде Әуе қорғанысы күштері əскери институтының курсанттары Роман Өтесейітов пен Диас Шаменов те өз батылдықтарын көрсете білді. Әскери полиция жасағының әскери қызметшілерімен бірге патрульдеуге қатыса отырып, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған ер адамды ұстады. Аталмыш оқиға Бейбітшілік даңғылында орын алды. Ұсталған азаматта суық қару болғаны анықталды.

Айта кету керек, əскери оқу орындарының жоғары курс курсанттары патрульдеуге қатысады. Болашақ офицерлер тәжірибелі әскери әріптестермен және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесе қойылған міндеттерді орындайды және осындай қиын жағдайларда да азаматтықтарын танытады.





Жоғары қарай