Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» бүгін «Нефтехимик» командасымен кездеседі

2021 жылдың 4 желтоқсан 2021 16:07

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасына қарсы өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу елорда уақытымен сағат 20:00-де басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Екі команда бүгінге дейін 28 мәрте шеберлік байқасты. Оның 16-ы «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік клубтың мерейі үстем болды.

Екі команда арасындағы соңғы алты кездесудің бесеуінде қазақстандық клуб жеңіске жетті.

«Барыстың» биылғы турнирдің соңғы алты кездесуінің үшеуінде жолы болды, қалғанында қарсыластарына есе жіберіп қойды.

Ал «Нефтехимик» соңғы алты кездесудің төртеуінде қарсыластарын тізе бүктірді.

Еске салсақ, «Барыс» бұдан бұрын елордада ресейлік «Динамо» (Мәскеу) командасына есе жіберді.

Ал «Нефтехимик» сырт айдында Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» (Бейжің) командасынан жеңіліп қалды.

Қазір «Барыс» 34 ойыннан кейін 30 ұпаймен турнир кестесінде 20-орында келеді. Ал «Нефтехимик» 46 ұпаймен 17-орында тұр.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт, Хоккей,
Жоғары қарай