Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Күллі әлем коронавируспен күле жүріп күресе бастады

2020 жылдың 15 наурыз 2020 20:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – СOVID-19 дүниені дүр сілкіндірді. Әлемді әлекке салған кеселмен күрес барлық шепте жүріп жатыр.

Әлемнің түкпір-түкпірінен үрейлі статистикалар келіп жатқанымен, кей халық бұл қиындыққа мойымайтынын ерекше жолмен көрсетіп келеді. Мәселен коронавирус қаупі жағынан ең жоғары санатқа енген Италиядан балконда ән шырқаған азаматтардың видеосы тарап кетті.

Сәулеті мен дәулеті жарасқан мемлекеттің азаматтары өз халқын да, әлем елдерін де осылай жігерлендіріп жатқандай. Балконда ән шырқау – Италияда бүгін де флешмобқа айналып, халықтың өзі бастап кеткен акцияға мыңдаған азамат атсалысуда.

Ән демекші италиялықтардай біздің елдің де өнерпаздары да «Коронавирус кет, кет» деп ән шырқап, көптің көңілін көтеріп жүр.


Бір қызығы, осы әнді шырқап бастаған елімізге белгілі әнші Марат Омаровтың бастамасын өзге жұлдыздар да қолдап кетіпті. Қауіпті кесел жайлы көңілді әннің ремиксі де шығып қойған екен.

Әнмен бірге бимен де көптің көңілін аулағандар бар. Естеріңізде болса Қытайдағы қандасымыз - Шыңжаңнан Уханьға көмекке барған тәжірибелі дәрігер-хирург Баһаргүл Толқынқызы коронавирустан емделіп жатқан науқастарға қазақтың «Қара жорға» биін билеп берген еді. Осы мәдени шараны тамашалаған адамдар «Қара жорға» биін тұңғыш көргендерін және ерекше биден үлкен әсер алғандарын айтып, алғыстарын білдірген.

Ал Испания астанасы Мадридте тұрғындар медициналық қызметкерлерге ұзағынан қол шапалақтап, үлкен қолдау білдіріпті. Балкондарынан шығып, «браво» деп айғайлаған халық ақ халатты абзал жандарға алғыстарын осылай білдіріпті.


Коронавирусқа қатысты интернетте әртүрлі мемдер мен әзілдер тарап кеткен. Міне әлем халқы осылайша бұл қиындықты да еңсеріп келеді.








Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Әлем, Коронавирус,
Жоғары қарай